Қазақстан мен Литваның табысты ынтымақтастығы түрлі саладағы өзара байланыстардың дамуына сеп - Вильнюстағы кездесу

АСТАНА. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат – Қазақстан Елшісі Ғалымжан Қойшыбаев Вильнюсте Литва Республикасы Сеймінің Қазақстан Республикасымен парламентаралық ынтымақтастық тобының мүшелерімен кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қазақстан дипломаты Сейм депутаттарын республикадағы экономикалық және саяси ахуал жайлы, біздің еліміздің сыртқы саяси міндеттері мен бастамалары туралы хабардар етті. Елбасының «Дағдарыстан ? дамуға» Қазақстан халқына Жолдауының негізгі мәселелерімен таныстырды. Елші өз сөзінде, Қазақстан мен Литваның арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың біртіндеп дамып, халықтар арасындағы дәстүрлі достық байланысының нығайып келе жатқанын атап көрсетті. Дипломат сондай-ақ екі ел парламенттерінің арасындағы ынтымақтастық топтарының қарым-қатынасына ерекше тоқталды. Литва Сеймінің Қазақстан Республикасымен парламентаралық ынтымақтастық тобының жетекшісі Эдмундас Пупинис өз кезегінде, екі ел арасындағы қарым-қатынастық достық мазмұнын атап көрсетіп, оларды әрі қарай дамытуға мүдделі екендіктерін білдірді. Экономика мен елдің қаржы секторын орнықтыру жөніндегі Қазақстан Үкіметінің шаралары Литва парламентшілерінің ерекше назарын аударды. Олардың пікірінше, Қазақстан қабылдаған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы мен екі елдің арасындағы табысты ынтымақтастық түрлі салалардағы өзара байланыстардың әрі қарай дамуына сеп болады.