Қазақстан мен Македония инвестицияларды өзара көтермелейтін болады - Сенат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Экономикалық саясат, өңірлік даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Македония Республикасының Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды. Аталған келісім Астана қаласында 2012 жылдың 2 шілдесінде жасалған.

Келісім екіжақты қарым-қатынасты дамытуға, тараптардың инвестициялық климатын жақсартуға, екі мемлекет арасындағы өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады. Бұдан бөлек, келісім аясында екі елде өзара инвестицияларды қолдау үшін қолайлы жағдайлар жасау көзделіп отыр. Бұл ретте бір тарап екінші тарап инвесторларына өздерінің ұлттық инвесторларына ұсынатын режимнен кем болмайтын жағдай белгілейтін болады. Екі мемлекет инвесторларының инвестициялары мен одан түскен кірістеріне әділ және тең құқылы режим ұсынылып, олардың толық қорғалуын қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, келісім аясында екі мемлекет соғыстың, басқа да қарулы қақтығыстардың, бүліншіліктің, көтерілістердің салдарынан өз аумағында залал шеккен кезде оларға реститутцияға, өтеуге немесе өтемақыға қатысты өз инвесторларына ұсынатын қолайлы режимнен кем болмайтын тәртіпті өзара ұстанады.

Заң жобасында Қазақстан мен Македония арасындағы дауларды шешу рәсімін жан-жақты реттейтін ережелер де қамтылып отыр. Құжат палатаның жалпы отырысына шығарылатын болады.