Қазақстан мен Малайзия әскери-техникалық ынтымақтастықты арттырмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Елшісі Малайзия Қорғаныс министрімен әскери-техникалық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Куала-Лумпур қаласында Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Данияр Сарекеновтің Малайзия Қорғаныс министрі Дато Сери Хишамуддин Тун Хусейнмен кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар әскери-техникалық саладағы екіжақты әріптестік мәселесін талқылады.

Елші Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саясаты, қорғаныс өнеркәсібінің тәуелсіздік жылдарындағы даму бағыттары, оның ішінде «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясының өнімдері туралы баяндады.

Х. Хусейн қорғаныс өнеркәсібіндегі әріптестікке оң пікір білдіре отырып, қазақстандық делегацияны 2017 ж. наурыз айының 21-25 аралығында Малайзияда өтетін 14 халықаралық «LIMA 2017» әуе-ғарыштық және әскери-теңіз техникалар көрмесіне қатысуға шақырды.

Кездесу қорытындысында тараптар екі елдің мүдделес мемлекеттік органдарының және ұлттық компаниялардың арасындағы байланысты кеңейтуге, сондай-ақ тиісті құқықтық-келісім базасын қалыптастыру мүмкіндігін қарастыруға келісті.