Кездесу барысында тараптар қазақ-молдова қатынастарының өзекті мәселелері мен оларды одан әрі дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасты.
Қазақстан елшісі В. Тофанды премьер-министр қызметіне тағайындалуымен құттықтап, мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
— Молдова премьер-министрі екі ел арасындағы, әсіресе сауда, экономика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін айтты. Сондай-ақ нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол екенін атап өтті, — делінген хабарламада.
Осыған байланысты екі елдің іскер топтары арасындағы байланыстарды жандандыру және бірлескен жобаларды іске асырудың маңыздылығы туралы айтылды.
Елші премьер-министрге Қазақстандағы қазіргі саяси өзгерістер, оның ішінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуі, сондай-ақ Құрылтай сайлауы туралы ақпарат берді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты саяси диалогты сақтаудың және екіжақты қатынастарды практикалық тұрғыдан одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Бұған дейін Қазақстан мен Молдова консулдық саладағы ынтымақтастықты кеңейтетінін жаздық.