Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда көлемі артып келеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Моңғолия өзара сауда көлемін 500 млн АҚШ долларына дейін жеткізуді көздеп отыр. Бұл туралы бүгін Астанада өткен Қазақстан-Моңғолия үкіметаралық комиссиясының 10-отырысында айтылды.

Фото: ҚР АШМ баспасөз қызметі

2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 7,7%-ға өсіп, 133,5 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстанның Моңғолияға экспорты 123 млн долларға жетті. Ал импорт көлемі 10,5 млн доллар болды.

Әсіресе, елдегі ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс жоғары. 2025 жылы агроөнеркәсіптік өнімдердің тауар айналымы 32%-ға өсіп, 29,9 миллион АҚШ долларын құраған. Оның 28 миллион доллары Қазақстан экспорты. Өсім биыл да жалғасты. Алғашқы жеті айда агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің тауар айналымы тағы 11%-ға артып, 15,3 миллион АҚШ долларына жетті.

Фото: ҚР АШМ баспасөз қызметі

- Жеңіл өнеркәсіп саласында да Моңғолияның маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Енді жай ғана тауар сатумен шектелмей, бірлескен өндірісті дамыту қажет.Моңғолияның сапалы шикізаты мен Қазақстанның өндірістік мүмкіндігін біріктіріп, дайын әрі құны жоғары өнім шығаруға дайынбыз, - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Тараптар сауда қарқынын сақтап, өзара жеткізілетін тауар түрлерін көбейтуді көздейді. Бұған қоса, тау-кен өнеркәсібі мен логистика салаларындағы бірлескен жобаларды дамыту мәселелері талқыланды.

Фото: ҚР АШМ баспасөз қызметі

-Моңғолия Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға үлкен мән береді. Сауда, көлік, инвестиция және өнеркәсіп салаларында әлеует жоғары. Ең бастысы – үкіметаралық комиссия жұмысы нақты нәтижеге бағытталып, екі елдің бизнесіне жаңа мүмкіндіктер ашуы керек, - деді Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайшир Номтойбаяр.

Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың дамуына 2026 жылғы 22 шілдеде күшіне енген Еуразиялық экономикалық одақ пен Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімі де ықпал етпек.

Айта кетейік, жақында Моңғолияда қазақстандық экспортты қолдайтын Серіктестік кеңсесі ашылады.