Қазақстанның Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Қалыбек Қобландиннің айтуынша, қазіргі кезде рейсті ашу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. "Екі ел арасындағы күрделі проблемалардың бірі - көліктік-логистикалық байланыс. Яғни, тікелей ұшу рейстерін ашу қажет. Қазіргі кезде "Астана-Ұланбатыр" әуе рейсін ашу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Аманшылық болса, осы 2018 жылы екі ел арасында тікелей әуе рейсі ашылады деген жоспар бар", - деді Қ.Қобландин Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Айта кетейік, Моңғолияға апаратын автокөлік жолдары Ресей арқылы өтеді. Бүгінде "Алматы - Өлгей" мен "Астана-Өлгей" сияқты автобус қатынастары бар. Бұдан бөлек, "Өскемен-Риддер-Ташанта" атты қысқа жолмен де қатынауға болады. Аталған бағытта Қазақстан Риддерден Ресей шекарасына дейінгі учаскенің құрылысын аяқтады. Алайда Ресей Федерациясы Моңғолияға дейінгі жолды бітірмей отыр.