Қазақстан мен Моңғолия арасындағы әуе рейсі қайта жанданады

АЛМАТЫ. 16 наурыз . ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 11 сәуірі күні Моңғолия мен Қазақстан арасындағы әуе қатынасы қайта жанданбақ.

Бұл күні Баян Өлгейден шыққан алғашқы ұшақ тікелей Алматыға келіп қонғалы отыр.

Қазақстан мен Моңғолия арасындағы әуе қатынасын 2000-2011 жылдары қазақстандық «Скат» әуе компаниясы жүзеге асырып келген еді. 30 адамдық ескі «Ан-24» ұшағының қауіпсіздігіне депутаттар Парламент қабырғасында алаңдаушылық білдірген соң, былтыр әуе компаниясы оны ауыстыратын өзге ұшағы болмай, рейсті тоқтатқан болатын.

«Біз оны қайта жандандыру үшін Моңғолияның «Изимист» әуе компаниясымен келісімшарт жасастық. Енді әр сенсенбі сайын Баян Өлгейден Алматыға және Алматыдан Баян Өлгейге 90 адамдық жаңа ұшақ қатынайтын болады. Бұрын «Скат» компаниясының ұшағы Алматыдан Өскеменге дейін 1,5 сағат, ал Өскеменен Баян Өлгейге 2 сағат ұшатын», - дейді «ҚазСервисАвиа» компаниясының директоры Ақтанберді Генден.

Оның айтуынша, бұрын ескі ұшақпен Өскемен арқылы қатынайтын жолаушылар билетке 39 мың 46 теңге төлейтін.  Енді тіке қатынайтын жаңа ұшақтың билет бағасы 47 мың теңге көлемінде болғалы отыр. Егер көршілес Өзбекстан мен Қырғызстанда Моңғолияға қатынайтын әуе рейсі жоқ екенін ескерсек, қызметі қайта жанданған бұл бағыттағы ұшақ өз жолаушыларын табатыны күмәнсіз.