ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде екі ел арасындағы сауда-саттықты ұлғайтудың басым бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің экспортын арттыру, саудадағы тауар түрлерін көбейту, өнімді қайта өңдеуді дамыту және бірлескен өндіріс орындарын ашу мәселелері қаралды.
2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 7,7 пайызға өсіп, 133,5 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде Қазақстанның Моңғолияға экспорты 123 млн долларға, ал импорт көлемі 10,5 млн долларға жетті.
Айдарбек Сапаровтың айтуынша, Моңғолия нарығына отандық өнімдерді көбірек шығару арқылы екіжақты сауда көлемін арттырудың әлеуеті зор.
-Моңғолиямен сауда-саттықты, ең алдымен, отандық өнімдердің жеткізілімін ұлғайту арқылы арттыруға мүмкіндік бар. Біздің мақсатымыз – экспорт көлемін көбейтіп қана қоймай, тұрақты әріптестік орнатып, өнімді қайта өңдеу мен бірлескен жобаларды дамыту. Осы бағыттағы жүйелі жұмыс екі ел арасындағы сауда көлемін едәуір арттыруға жол ашады, – деді министр.
Қазақстан тарапы Моңғолияға экспортты арттырудың негізгі бағыттарының бірі ретінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қарастырып отыр. Атап айтқанда, астық және одан дайындалатын өнімдер, өсімдік майы, күріш, жеміс-жидек пен көкөніс, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын жеткізу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар ендігі жерде тек дәстүрлі тауарлардың экспортын көбейтуге емес, өңделген және қосылған құны жоғары өнімдердің үлесін арттыру көзделеді.
Осыған байланысты дайын азық-түлік өнімдерін Моңғолия нарығына көбірек шығару, сондай-ақ ауыл шаруашылығы шикізатын бірлесіп өңдейтін кәсіпорындар құру мүмкіндігі қарастырылуда.
Ал Нямтайшир Номтойбаяр Қазақстан мен Моңғолия арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі жандандыру маңызды екенін атап өтті.
Оның пікірінше, екі ел кәсіпкерлерінің байланысын күшейтіп, көлік және логистика саласындағы мүмкіндіктерді кеңейту қажет. Сонымен қатар жаңа сауда және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасауға басымдық берілмек.
-Қазақстан мен Моңғолия арасындағы экономикалық байланыстардың қарқынын арттырып, нақты нәтижеге бағытталған ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз. Ол үшін кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланысты күшейтіп, көлік-логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту және жаңа коммерциялық жобаларды іске асыруға жағдай жасау қажет. Кәсіпкерлердің тікелей араласуы арқылы екіжақты ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін аша аламыз, – деді Нямтайшир Номтойбаяр.
Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың дамуына 2026 жылғы 22 шілдеде күшіне енген Еуразиялық экономикалық одақ пен Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімі де ықпал етпек.
Кездесу соңында тараптар өзара тауар жеткізілімін арттыруға, кәсіпкерлер арасындағы байланысты нығайтуға және екі елдің сауда айналымын одан әрі кеңейтетін жаңа жобаларды жүзеге асыруға ниетті екендерін жеткізді.
Осыған дейін Моңғолияда қазақстандық экспортты қолдайтын Серіктестік кеңсесі ашылатыны туралы жаздық.