- Арман Қайратұлы, кәсіби дипломатиялық қызметіңіз араб елдерінде өтуде. Еліміздің Араб мемлекеттері лигасындағы Тұрақты өкілі болып табыласыз. Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатындағы араб мемлекеттерінің рөлі қаншалықты маңызды?
- Қазақстан тәуелсіздік алған кезде еліміздің егемендігін бірінші болып араб мемлекеттері мойындады. Олар ресми түрде жариялап қана қоймай, Алматыда Елшіліктерін ашып, елімізбен екіжақты саяси, сауда-экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық ынтымақтастық орнатты. Қазақстан мен араб әлемі арасында тарихи тереңге бойлайтын мәдени байланыстар жатыр. Адамзат өркениетінің дамуына үлкен үлес қосқан бабамыз Әбу Наср әл-Фараби, мұсылман мәдениетін крест жорықтары мен Құлағу шапқыншылықтарынан сақтап алған Сұлтан Бейбарыс - Ұлы даланың дара тұлғалары Мысыр және Сирия сияқты араб елдерінде өмір сүріп, үлкен жетістіктерге жеткен.
Саяси салада араб елдерінің барлығымен ынтымақтастығымыздың жоғары деңгейде қалыптасқан. Халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша ұстанымдарымыз үндес немесе жақын болып келеді. Араб мемлекетері ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларын толық қолдайды. Мәселен, бірқатар араб елдері Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне мүше болса, Астанада 3 жыл сайын өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер Съезіне араб әлеміндегі ірі дінбасылары жүйелі түрде қатысып тұрады.
Өз кезегінде Қазақстан саяси салада араб мемлекеттері үшін халықаралық және аймақтық үдерістердің белсенді қатысушысы ретінде үлкен маңыздылыққа ие. Халықаралық саяси терминологияда «Астана үдерісі» деп танылған, Сириядағы қантөгісті тоқтату мақсатында елордамызда өткен келіссөздер, араб еліндегі 7 жылға созылған азамат соғысын тоқтатуға септігін тигізді. Еліміздің 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігі барысында Қазақстан ұсынған «Терроризмен азат әлемге қол жеткізу жөніндегі іс-қимыл Кодексіне» деструктивтік құбылыстан зардап шегіп отырған араб елдері бірінші қол қойды.
Саяси-экономикалық үдерістермен қайнап жататын араб әлемі экономикалық тұрғыдан Қазақстан үшін маңызды әріптес болып табылады. Қазақстан негізгі экспорттық өнімдерінің бірі бидайдың әлемдегі ең ірі импорттаушысы Мысыр біздің ауыл шаруашылығы тауарларына нарық ретінде әлеуеті жоғары. Мысалы, соңғы жылдары еліміздің сауда айналымы Туниспен 2,9 есе, Мароккомен 2,6 есе, Алжирмен 1,9 есеге өсті. Инвестиция саласында да Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерімен ынтымақтастық осал деңгейде емес. Сондықтан, қазіргі таңда араб әлемі қазақстандық өнімдерге маңызды нарық және сауда-экономикалық, инвестициялық мүмкіндік болып табылады. Сауд Арабиясы, Мысыр және Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтары еліміздің туристік орындарын барып демалуға құштар. Алдағы уақытта Каир сияқты ірі қалалардан Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан араб туристерін тасымалдайтын чартерлік рейстер ұшырылады.
- Мысырда Елші болғаныңызға екі жылдай уақыт болды. Астана мен Каир арасындағы байланыстар қалай дамуда?
Қазақстан мен Мысыр арасындағы саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы жоғары деңгейде деп айта аламын.
Қазақстан үшін Таяу Шығыс және Солтүстік Африкадағы маңызды серіктес ел болып табылатын Мысырмен сенімді саяси диалог, халықаралық және аймақтық ұйымдар шеңберінде тығыз ықпалдастық орнатылған. Елбасының Мысырға 3 ресми сапары болып өтсе, Мысыр Президенті Қазақстанға екі рет ресми сапар жасаған.
Екі ел арасындағы маңызды оқиғалардың бірі ретінде 2018 жылғы 10-11 қазанда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен 6-шы рет өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне ислам әлемі делегациясының басшысы ретінде «әл-Азһар» шейхі, Бас имам Ахмед әт-Тайебтің қатысқанын атап өткім келеді.
Елбасының тапсырмаларына сәйкес, екі елдің сауда-экономикалық қатынастарына ерекше мән берудеміз. Қазақстанның Африка континентіндегі ең ірі сауда-экономикалық серіктесі Мысырмен бұл саладағы ынтымақтастығы соңғы жылдары даму белесіне түсті. Қазіргі кездегі басты мәселелердің бірі - Мысырға қазақстандық астықты экспорттауды қайта жаңғырту мәселесі болып табылады. Сонымен қатар, Алматы қаласында Қазақстан-мысыр фармацевтикалық парк салу инвестициялық жобасы іске асырылуда.
ҚР Статистика агенттігінің ақпаратына сәйкес, ҚР мен МАР арасындағы сауда айналымы 2016 жылы 55,38 млн, 2017 жылы 62,4 млн АҚШ долларын құраса, бұлы көрсеткіш 2018 жылғы қаңтар және қараша аралығында 79,8 млн АҚШ долларына дейін өсті. (экспорт - 16,6 млн., импорт - 63,2 млн). Экспорттың басым бөлігін мұнай, мұнай өнімдері, металл бұйымдары, зығыр дәні және т.б. тауарлар, ал импортты хош иіс заттар, химиялық өнімдер, дәрі-дәрмек, киім, цитрусс жемістері және т.б. құрайды.
Сауда-экономикалық қатынастардың басты мәселелерінің бірі Мысырға қазақстандық астықты экспорттау. Өздеріңіз білетін 100 млн астам халқы бар Мысыр жылына 10-12 млн тонна астық импорттайды. Ал, Қазақстан бидай экспорттаушы елдердің алдыңғы қатарында тұр. Осыған орай, қазіргі таңда қазақстандық бидайды Мысырға экспорттаудың тиімді логистикалық жолдарын қарастыруда. Осы орайда, Мысыр өз аумағында астық терминалын ашуды ұсынып отыр. Бұл жоба қазақстандық астықты Мысыр нарығына ғана емес, басқа да Африка елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Мысырдың Еуразиялық экономикалық одақпен еркін сауда аймағын құру бойынша келіссөздер жүруде. Аталған келісім екі ел арасындағы сауда айналымының қарқынды дамуына септігін тигізеді.
Мысыр шетелдік қаржылай көмек қабылдаушы елдердің қатарында болғанымен, бұл елдің бизнесмендері Қазақстанға инвестиция құюға қызығушылық танытып отыр. Қазіргі таңда ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мысырлық тараппен Алматы қаласында фармацевтикалық зауыт ашу инвестициялық жобасын пысықтауда. Мысырлық дәрі-дәрмек компаниясы «Medical Union Pharmaceuticals» аталған жобаға қазақстандық серіктес іздеуде. Мысырлық дәрі-дәрмек өндіруші өнімдерін жалпы Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шығу үшін Қазақстанды таңдап отыр.
Осы жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуы мысырлық қаржы ұйымдарының қызығушылығын тудырды. Атап айтқанда, Мысырдың ең ірі банктерінің бірі «Мысыр банкі» елімізде өзінің филиалдарын ашуды жоспарлауда.
2017 жылдан бастап Мысырдың демалыс орындарына келетін қазақстандық туристердің саны едәуір артты. Астана, Алматы, Шымкент қалалаларынан ұшып келетін чартерлік рейстердің саны аптасына 20 ұшаққа дейін жетуде. Шарм-Эль-Шейх қаласына баратын қазақстандық азаматтарға визасыз режим енгізілген. Қазіргі таңда қазақстандық туристер саны жағынан Украинадан кейін екінші орында тұр. Демалуға келіп келеңсіз жағдайларға түскен қазақстандық азаматтарға Елшілік дер кезінде көмек көрсетуде.
Елшілік өз тарапынан мысырлық саяхатшыларды Қазақстанға тарту үшін қарқынды имидждік іс-шаралар ұйымдастырып, үгіт-насихат жүргізуде. Нәтижесінде Қазақстанға демалуға барғысы келетін мысырлықтардың саны күннен күнге артуда. Нәтижесінде, мысырлық «Тишури турс» туристік компаниясымен 2019 жылы сәуір айынан бастап Алматы және Шымкент қалаларына, жаз айларында Астана және Өскемен қалаларына чартерлік рейстерді ұшыратын болды. Қазіргі таңда мысырлық саяхатшылар үшін туристік пакеттер, қонақ үй, әуе жай мәселелері пысықталуда.
- Әңгіме ауанын осы жерден ауыстырсақ. «Қазақта әке көрген оқ жонар» дегендей, кәсіби дипломат Қайрат Исағалиұлы туралы айта кетсеңіз. Сіздің осы салаға келуіңізге қаншалық ықпал етті.
- ҚР дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері, белгілі мемлекет қайраткері Қайрат Исағалиевтың ізбасары болғанымды мақтан тұтамын. Әкем көп жылдар бойы әлемнің көптеген елдерінде Қазақстанның сыртқы саяси мүдделерін ілгерілету бойынша жұмыс атқарып, Тәуелсіз Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің қалыптасуына үлес қосты.
Жастайымнан маған дипломатияның қыр-сырын үйретіп, бұл маңызды да қызықты мамандыққа мені баулыған әкем болатын. Жалпы айтсам, қазақ дипломатының бойында болуы қажет қасиеттерді отбасы тәрбиесінен алдым десем артық кетпеген болармын.
- Жалпы өзіңіз дипломатияға келем деуші үміткерлерге қандай кеңес берер едіңіз. Тіл білу, мінезді жаттықтыру деген қасаң қағидалардан бөлек, өзіңіз ғана байқаған сәттермен бөліссеңіз.
- Менің мамандығым арабтанушы. Араб елдеріне мамандандырылған дипломатпын. Білікті дипломат болу үшін барған елдің тілін және мәдениетін, тарихын, экономикасын жетік білу қажет. Әр елдің өзінің ерекшелігі болады, әдет-ғұрыптары әралуан болып келеді. Мемлекеттердің қатынастары адамдар арасында қатынастардан тұрады. Сондықтан болу елін толық меңгеру дипломат үшін алғы шарт болып табылады.
Қазіргі таңда экономикалық дипломатияның маңыздылығы артып, жыл сайын бұл бағытта Қазақстан дипломаттарына қойылатын талаптар артуда. Өйткені әрбір дипломаттың бірінші мақсаты еліміздің тауарларын болу елінің нарығында көтермелеу және инвестиция мен туристер тарту болып табылады. Бұл талаптарды іске асыру үшін болу елінің мемлекеттік қызметкерлерімен ғана емес, бизнес өкілдерімен тығыз жұмыс жасай білу керек. Сондықтан дипломатқа мемлекеттік қызметтен басқа, жекеменшік сектор асханасының мән жәйін жетік білу қажет.
- Еліміз Тәуелсіздік алысымен араб елдеріне діни білім алуға ұмтылған жастардың қатары күрт көбейді. Осы қаншалықты дұрыс? Қазіргі кезде бұл үрдіс қалай жүруде.
- Дін үйренеміз деп шетел асқан қазақ жастарының көбеюі күтілген құбылыс. Алайда, соңғы жылдары жастардың шетелдік жоғары оқу орындарында діни білім алу үдерісі қолға алынып, толық жүйеге салынды. Мәселен, Мысырда діни білім алу үшін қазақстандықтар тек қана Қазақстан мұсылмандары дін басқармасының ұсынысымен ғана келе алады. Өйткені, жастардың жат ағымдар мен деструктивті жамағаттардың жетегіне ілініп кетпеу үшін олардың ресми оқу орындарында ғана білім алуын қадағалау қажет. «Әл-Азһар» университеті мұсылман әлемінің ең ірі білім және ғылым ордасы болып табылады. Онда 120 жуық қазақстандық студенттер білім алуда.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Мысыр арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды нысанына айналған Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» университеті жылдан жылға дамып, діни білім алам деген жастарға оқу ордасы болып отыр. Алдағы уақытта қазақстандықтар магистратура мен PhD деңгейін «Әл-Азһар» университетінде оқитын болады. Бұл да жастардың шетелдердегі жат ағымдар мен жамағаттардың құрығына ілінбеуін қамтамасыз етеді.
- Мысыр елінің тарихы бізге жақын. Кемеңгер бабамыз Сұлтан Бейбарыс тұсында Мысыр мен Алтын орда арасында байланыстар қарқынды дамыды. Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары шеңберінде араб әлемінде із қалдырған ұлы бабаларымыз Бейбарыс пен әл-Фараби мұраларын сақтау және дәріптеу жұмыстары қалай жүруде?
- Жергілікті халық арасында Қазақстанға деген қызығушылық тудыруға үлкен септігін тигізіп отырған Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасынының «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын атап өту қажет. Аталған жобаның шеңберінде қазақ мәдениетін, тарихын таныту үшін бірқатар іс-шаралар атқарылды. Атап айтқан, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романы араб тіліне аударылды. 2019 жылы Елшіліктің демеуімен қазақ поэзиясы мен прозасының араб тіліндегі антологиясы шығады. Сонымен қатар, 2018 жылғы 11-14 сәуірде Александрия және Каир қалаларында ҚР Халық әртісі, әлемге әйгілі өнер қайраткері А.Мұсаходжаеваның басшылығымен Қазақ ұлттық өнер университеті студенттері мен оқытушыларының «Kazakh Eli Classic» концерті өтті. Сонымен қатар, басқа қазақ музыкасы мен өнерінің майталманадарының концерттері Мысырдың көрнекті опера үйлері мен театрларында қойылып жүр.
Мысырда бабамыз Бейбарыстың қалдырған мұралары көп. Солардың ең маңыздысы өзінің атын алған Каир қаласының ең ірі мешіттерінің бірі болып табылатын Бейбарыс мешіті. 2018 жылғы 16 қазанда 2011 жылдан бері тоқтап қалған Каир қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешітінің реставрациялау жұмыстары қайта басталды. Жобаның ашылу салтанатына МАР Көне ескерткіштер министрі Халед әл-Анани, жобаның бас мердігері «Араб контракторс» компаниясының Басқарма төрағасы Мухсин Салах, Парламент депутаттары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, журналистер, тарихшы ғалымдар, белсенділер және жергілікті халық қатысты.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген Х.әл-Анани жобаның құны 100 млн мысырлық фунтын құратынын хабарлап, қайта қалпына келтіру жұмыстары 18 ай ішінде бітетінін жеткізді. Бұған дейін жобаның архелогиялық және сәулеттік зерттеулері, сондай-ақ іргетас және жерасты жұмыстары біткенін мәлімдеген мысырлық министр мешіттің шаңырақты бөлмелерін, дәлізін, күмбезін, мұнараларын, орталық алаңын және сыртқы қабырғаларды жөндеу жұмыстары іске асырылатынын хабарлады. Жобаны техникалық бақылауын мысырлық археологтар мен тарихи сәулетшілердің құрылған арнайы комиссия жүргізеді. Аталған комиссия мешіттің ішкі бағаналарына бұған дейін пайдаланылған қызыл қыштарды жарамсыз деп тауып, өзінің түпнұсқасына ұқсас жоғары сапалы граниттік қыштар пайдаланылатын болды.
Сонымен қатар, мысырлық министр Каирде екінші ең ірі мешіт болып саналатын бабамыздың мұрасы Каир үшін тарихи маңызды нысана, ал саяси тұрғыдан Қазақстан мен Мысыр арасындағы қатынастардың рәмізі екенін атап өтті. Бейбарыстың туған жері болып табылатын Қазақстан басшылығы мен халқы жобаның аяқталуына үлкен мән беріп отыр, аталған мәселе МАР Президенті Ә.әс-Сисидің 2016 жылы Астанаға жасаған сапары барысында екі мемлекет басшылары арасында қол жеткізілген уағдаластықтардың бірі болып табылады. Сондықтан жобаға қосқан 4,5 млн. АҚШ доллары көлемінде үлесі үшін Қазақстан тарапына шынайы алғысымызды білдіреміз, - деп мәлімдеді Х.әл-Анани.
2007 жылғы 28 қазанда екі елдің Үкіметтері арасында қол қойылған келісім негізінде аталған мешітті реставрациялау жобасы 12,0 млн АҚШ долларын құрап, 2011 жылдың қазанында аяқталуы тиіс болған. Келісімге сәйкес, аталған соманың 4,5 млн АҚШ долларын Қазақстан тарапы қаржыландырды. Қазақстан Үкіметі өз міндеттемелерін толық орындап, 4,5 млн. АҚШ долларын аударды. Алайда, жоба түрлі себептермен тоқтап қалған еді.
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларындағы тапсырмалар шеңберінде Каир университетінде «әл-Фараби» орталығы ашылды. 2018-2019 оқу жылынан бастап Каир университетінің Әдебиет факультетінде «қазақ тілі» мамандығы оқытылатын болды. Сонымен қатар, жылдың бірінші іс-шарасы ретінде 5 қаңтарда «Әл-Фарабидің мұрасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық семинар өтті. Іс-шарада ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов, Каир университетінің профессорлары, араб зиялы қауым өкілдері, әл-Фарабитанушы философтар бабамыздың баға жетпес мұрасы мен құнды идеяларын өскелең ұрпаққа жеткізудің өзектілігі мен тәсілдері туралы өз ойларымен бөлісті. «Әл-Фараби» орталығы ұлы ғұламаның пікірлерін насихаттап қана қоймай, Қазақстан мен Мысыр арасындағы академиялық, ғылыми зерттеу және мәдени байланыстарды жандандыруға атсалысатын болады.
Елшілік пен ҚазҰУ Шығыстану факультеті бірлесіп «Таяу Шығыстағы қазақ халқына киелі орындардың атласын» басып шығаратын болды. Жалпы алғанда, Қазақстан мен Мысыр арасындағы тығыз тарихи байланыстар болғандықтан Елшілік алдында «Ұлы даланың ұлы есімдері» және «Архив-2025» бағдарламалары шеңберінде үлкен жұмыстар тұр.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Авторы: Олжас Беркінбаев