Қазақстан мен NCOC арасындағы сот процесі жалғасып жатыр

Фото: Энергетика министрлігі

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Астана қалалық әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағым түсірді. Қазақстан бұған дейін соттың North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясының мемлекеттік органдар тарапынан тексеруге шағымы бойынша талабын ішінара қанағаттандыруына келіспейді, деп хабарлайды Kazinform.

«Қазіргі уақытта сот талқылауы жүріп жатыр», — делінген министрліктің агенттік ресми сауалына берген жауабында.

Ведомство өткен жылдың 13 желтоқсанда North Caspian Operating Company компаниясына жүргізілген тексеру нәтижесінде күкірттің нормадан тыс, 1,02 млн тонна көлемінде сақталғанын еске салды.

Яғни, рұқсат етілген 730 мың тонна күкірттің орнына 1 млн 750 мың тонна күкірт сақталған.

Сонымен қатар табиғат қорғау шараларының орындалмауы, экологиялық рұқсатсыз ағын су төгу сынды заңбұзушылықтар анықталған.

Тексеру қорытыдысына орай NCOC сотқа шағымданды. Сот 10 экологиялық заң бұзушылықтың 3-еуі бойынша компания шағымын қанағаттандырды.

Олар: күкірт блогында полимер үлдірдің болмауы, сілтіні қайта қалпына келтіру қондырғысының жұмыс істемеуі, күкіртті нормадан тыс жинау.

«Министрлік соттың жоғарыдағы шешімімен келіспей, осы жылдың 22 тамызында Астана қалалық әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағым түсірді», — деп түсіндіреді Экология министрлігі.

Бұған дейін Қазақстан Қашаған операторын еліміздің экологиялық нормаларын өрескел бұзғаны үшін 2,3 трлн немесе 5,1 млрд долларға сотқа беріп жатқанын жазған едік.

Кейінірек мұнай алпауыттары экологиялық айыппұлға қатысты дауды шешу үшін Қазақстан Үкіметімен келіссөз бастады.

Халықаралық Eni, Shell, ExxonMobil және TotalEnergies компаниялары бастапқы талқылау барысында шамамен 200 млн доллар мөлшерінде ақшалай өтемақы ұсынған.

Алайда Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл ақпаратты теріске шығарды.

«Министрлік Eni, Shell, ExxonMobil және TotalEnergies компанияларымен келіссөз жүргізген жоқ», — деді ведомстводан.

NCOC компаниясы экологиялық тексеру жүргізілгенін растағанымен күкірт сақтауға байланысты қандай да бір айыппұл салынғаны туралы ақпараттың жоқ екенін мәлім етті. 

«NCOC компаниясы күкіртті басқару қызметін жауапкершілікпен және Қазақстан заңнамасына сай, сондай-ақ стандарттар мен алдыңғы қатарлы тәжірибені қолдана отырып жүзеге асырады. Біз дау-дамайды шешудің қандай да бір процедурасына қатысты қосымша пікір бере алмаймыз», — деді компаниядан.