Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның достығына арналған естелік-белгі ашылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде Қазақстан мен Корея Республикасының біріккен «Ұлы Жібек жолы бойындағы Достық және Әріптестік» естелік-белгісі ескерткіші ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Естелік-белгінің салтанатты ашылуы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Бұл естелік-белгі Корея Республикасының бастамасымен 2013 жылдан бастап Корея, Қытай, Иран, Өзбекстан, Түркия, Үндістан сынды Ұлы Жібек жолы бойындағы елдерде қойылған. Ерекше белгіні орналастыру мәртебесі ежелгі Жібек жолының бойында жатқан «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің еншісіне бұйырды.

Шараны Алматы қаласында 2018 жылдың 1 маусымы күні Корея Республикасының Кенсанбук-до аймағы экономиканы дамыту ұйымының ұйымдастыруымен өтетін «Ұлы Жібек жолы және солтүстік бағыттағы әріптестік» атты халықаралық форумның салтанатты жалғасы деуге болады.

Салтанатты шараға Мәдениет және споaрт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Корея Республикасының Кенсанбук-до аймағының губернаторы Ким Кван Ен, Алматы қаласындағы Корея Республикасының бас консулы Жон Сын Мин, Кенсанбук-до аймағының халықаралық қатынастар елшісі Жо Зуң Чоль, Өркениеттер алмасуы институтының директоры Зон Су Ил және тағы басқа меймандар қатысты.

«Ұлы жібек жолы адамзаттың экономикалық тұрғыдан ғана емес, ең бастысы мәдени қарым-қатынас тұрғысынан да бір-бірімен араласуына зор ықпал жасады. Халықаралық сауда және дипломатия жолы ретінде қызмет еткен бұл сауда жолы сондай-ақ мәдениеттің таралуына, өркениеттің дамуына және қалалар мен елді мекендердің өрлеуіне тиімді ықпал етіп отырған. Әрине, өркениеттер мен мәдениеттің алмасуларына мән берген Ұлы Жібек жолының әсіресе қазақ жері арқылы өткен тармақтары біздің қызығушылығымызды тудырады. Өйткені анағұрлым тыныш әрі қауіпсіз саналған бұл тармақтағы сауда жолы әсіресе түркі дәуірінде ерекше сұранысқа ие болды. Бұл алдымен түркі қағандарының осы аймақтарда жүргізіп отырған саясатының нәтижесінде орнаған тыныштық пен қауіпсіздік факторы деп санаймыз», - деді ескерткіш белгінің ашылуында Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Министр естелік-белгі ашылып отырған «Есік» қорық-музейінің аумағы да ежелгі Жібек жолы өтетін аумаққа жататынын атап өтті.

Өз кезегінде КР Кенсанбук-до аймағының губернаторы Ким Кван Ен бүгін - аса маңызды күн екенін атап өтті.

«Себебі, осыдан мыңдаған жылдар бұрын ата-бабамыз негізін салған «Жібек жолын» бүгінде жаңаша жаңғырту бақытына ие болып отырмын. Мен ең әуелі жылы қонақжайлығы мен қазақ мәдениеті тарихын жеке өзі түсіндіргені үшін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мырзаға, осынау байланыстарға ерекше еңбек сіңірген, «Есік» қорық-музейінің директоры Гүлмира Мухтароваға алғыс айтқым келеді. Бүгін осында менімен қатар көптеген профессорлар мен ғалымдар келіп отыр. Олардың көбі кешегі өткен Халықаралық форумға қатысты және сол форумда көптеген пікір-таластар жасады. Әрине, ғылыми тұрғыда ондай болуы заңдылық», - деді ол.

Іс-шара барысында мәртебелі меймандар «Есік» қорық-музейінің экспозиция залдарымен, «Есік» қорық-музейі мен Оңтүстік Корея ғылыми мекемелері арасындағы қарым-қатынастарға арналған фотокөрмемен танысты. Оған қоса Жібек жолы бойындағы осындай ерекше белгілердің мәні мен маңызы туралы егжей-тегжейлі баяндалып, Кэменг университетінің таэквондо командасының, «Арқайым» этно-фольк-тобы мен «Торпи» көркемөнер тобы сынды екі елдің ұлттық дәстүрдегі ән-күй өнері өкілдерінің шеберлігін дүйім жұртқа паш етті.