Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы стратегиялық серіктестік қалай дамып келеді

Коллаж: Kazinform

Қазақстан үшін сыртқы саясаттағы айтулы серіктестердің бірі – Оңтүстік Корея. Ел экономикасы бүгінде қарқынды дамып, технологиясы таңғалдырып жатыр. Біз үшін «Таңғы жұпар елімен» жан-жақты қатынасты дамытудың маңызы зор. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёль бізге үшкүндік мемлекеттік сапармен келеді. Бұл сапар да бұрынғы әріптестікті жаңа деңгейге көтеретініне күмән жоқ. Осы орайда Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастық жайында Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Осыдан екі жыл бұрын мемлекеттер дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын атап өтті. 1992 жылғы 28 қаңтардан бері екі елдің ынтымақтастығы экономиканың түрлі саласында, әсіресе инвестиция және саудада табысты дамып келеді.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық

Екіжақты сауда-экономикалық байланыстың маңызды тетігі – сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Корея үкіметаралық комиссиясы.

Сыртқы істер министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2022 жылы екіжақты тауар айналымы 6,1 млрд долларды құрады (2021 жылмен салыстырғанда 3,4 есе көп), оның ішінде экспорт – $4,5 млрд (+150%), импорт - $1,6 млрд (+134%).

Инфографика: Kazinform

 

Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы тауар айналымы 2024 жылғы қаңтар-сәуірде $1,4 млрд болды. Оның ішінде Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға экспорт төрт айда 735,8 млн долларды құрады.

Қазақстаннан экспортталатын негізгі тауарлар: мұнай, ферроқорытпалар, титан, уран, легирленбеген болат прокаты, темір, алтын. Кореядан әкелінетін тауарлар: сымдар мен кабельдер, тарату қалқандары, пульттер мен консольдер, металл бұйымдар мен құралдар, көлік құралдарына арналған шанақтар, автомобильдер және басқалар.

2024 жылғы қаңтар-сәуірде Оңтүстік Кореядан Қазақстанға импорт 16,9%-ға азайып, 630,5 млн долларды құрады. Импорттың қысқаруы мынадай тауарларды: автомобильдерге арналған шанақтар - 28,4%-ға немесе 76,6 млн долларға (270-тен 193,4 млн долл.), жеңіл автомобильдер - 55,4%-ға немесе 45,3 млн долларға (81,7-ден 36,4 млн), материалдарды термиялық өңдеуге арналған жабдық - 91,6% немесе 6,3 млн долларға (6,9-дан 0,6 млн) азаюы есебінен болып отыр.

Инфографика: Kazinform

 

Инвестициялық байланыс

Оңтүстік Корея Қазақстан экономикасындағы ең ірі тұрақты 10 инвестордың қатарына кіреді. Ел Қазақстан экономикасына инвестиция көлемі бойынша алтыншы орында тұр. Мәселен, соңғы 18 жылда Қазақстанға шамамен $9,2 млрд инвестиция салды. Бұл ретте өткен жылы Кореядан тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 85% өсіп, жаңа рекордтық межеге - $1,5 млрд-қа жетті.

Qaztrade АҚ мәліметінше, 2023 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында Оңтүстік Кореядан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 1,2 млрд долларды құрады. Ал, осы жылдың 1 мамырындағы деректерге сәйкес, Қазақстанда Оңтүстік Кореямен бірлескен меншік нысаны тіркелген 173 заңды тұлға бар, оның ішінде 171-і шағын кәсіпорын және екеуі орта кәсіпорын. Соңғы ресми деректер бойынша Қазақстанда Оңтүстік Кореядан 700-ге жуық заңды тұлға, филиал мен өкілдіктер жұмыс істейді.

Бүгінде 1,5 млрд долларға 5 жоба іске асырылуда және шамамен 500 млн долларға тағы 25 перспективалық жоба пысықталып жатыр. Оның ішінде Қостанай қаласында инвестиция сомасы 190 млн доллар және өндірістік қуаты жылына 70 мың көлік болатын жаңа ірі Kia зауытының құрылысын атап өтуге болады.

Бұған дейін ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов Қазақстанда Оңтүстік Кореяның инвестициясы құйылған бес жүзге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеген. Сонымен қатар, оның айтуынша, екі ел арасында жалпы сомасы $4,5 млрд болатын 58 бірлескен инвестициялық жоба іске асырылды. Бұл сандар Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастықтың дамуы үшін әлеуеті жоғары екенін айғақтайды.

Сондай-ақ, Оңтүстік Корея Қазақстанға атом электр станциясын салуда көмегін ұсынуға дайын. Кореяның гидроэнергетикалық және атом энергетикалық компаниясының (KHNP) өкілі Чанжон Сонгтың айтуынша, оң шешім қабылданған жағдайда атом электр станцияларын: Doosan Group және Hyundai Engineering & Construction салады, ал басқару функцияларын KHNP компаниясы орындайды. Айта кету керек, жақында ҚР энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев атом электр станциясының құрылысына алдын ала біліктілік тексеруден Корея, Ресей, Қытай және Франция өткенін атап өткен.

Елдер арасындағы халықаралық қатынастарды дамыту

2023 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке жұмыс сапары кезінде Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльмен келіссөздер жүргізді. Олар қазақ-корей стратегиялық әріптестігін одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында достық қарым-қатынастар қалыптасқанын, онда экономикалық байланыстардың қарқынды дамуы ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Содан кейін Мемлекет басшысы сирек жер металдарын өндіру және атом энергетикасын дамыту саласындағы экономикалық ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын атады.

Корея президенті Юн Сок Ёль оның елі Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, кореялық компаниялар машина жасау, тау-кен өнеркәсібі және атом энергетикасындағы жобаларды кеңейтуге және жаңа жобаларды іске асыруға ерекше қызығушылық танытуда.

2024 жылғы 24 мамырда Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Нәзира Нұрбаева Корея Республикасына жұмыс сапарымен барды. Қазақстандық делегация Корея Республикасы сыртқы істер министрінің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Чжонг Бенг Вонмен, сондай-ақ «Samsung Electronics», «Samsung C&T», «Samsung Medison», «Doosan Enerbility», «ECOVICE», «SK Ecoplant», «KIGAM», «GL Rapha», «LS Networks» и «Ionia EnC» сияқты кореялық ірі компаниялардың басшылығымен каездесті. ҚР СІМ мәліметінше, келіссөздер барысында Корей инвесторлары Қазақстанның инвестициялық ахуалымен және инвестиция тартудың жаңа құралдарымен танысты.

Жасыл экономика және экология саласындағы ынтымақтастық

Орман секторындағы ынтымақтастық жөніндегі азиялық ұйым (AFoCO) Қазақстанғаормандарды қалпына келтіруге және өрттің алдын алуға көмектесуге ниетті.

50-60 жыл ішінде Кореяда ормандарды қалпына келтіру үшін 11 миллиард ағаш отырғызылып, 2,5 миллион гектар жер қалпына келтірілді. Осыған байланысты біз Корей тарапына олардың бай тәжірибесін пайдалануды ұсындық. Олар бізге технологияларын немесе біз үшін басқа да маңызды мүмкіндіктерін жеткізу немесе азаматтарымызды практикадан өтуге шақыру үшін оқыту мәселелерін талқылады, деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.

Сондай-ақ, 2024 жылғы мамырда Қазақстан мен Корея Жасыл экономика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екені хабарланды. Қазақстанның Корея Республикасындағы елшісі Нұрғали Арыстанов пен Корея Сыртқы істер министрінің климаттың өзгеруі жөніндегі орынбасары Ким Хё Ынның кездесуінде тараптар климаттың өзгеруі, орман өрттерінің алдын алу және су ресурстарын тиімді пайдалану саласындағы ынтымақтастықты талқылады. Дипломаттар «Жасыл экономика» саласындағы жобаларға және баламалы энергия көздерін кеңінен пайдалануға ерекше назар аударды. Екі ел де Жаһандық жасыл өсу институты (GGGI), Орман ынтымақтастығы азиялық ұйымы (AFoCO), Жасыл климат қоры (GCF) және т.б. сияқты халықаралық ұйымдар аясында ынтымақтасады.

Инфографика: Kazinform

 

Қазақстандықтар Кореяда заңды жұмыс істейтін болды

Қазақстан азаматтарының Оңтүстік Кореяға заңсыз еңбек көші-қоны екі ел арасындағы күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің біріне айналды. Сондықтан Корея үкіметі Қазақстанға «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» (Employment permit System – EPS) сәйкес еңбек көші-қонын жүзеге асыруды ұсынды.

2024 жылғы қаңтарда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Кореяның Еңбек министрлігі Қазақстанды Оңтүстік Кореяның «Employment permit System» (EPS) жүйесіне қосу мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді. Өзара келісім қазақстандықтарға Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмысқа орналасуға, сондай-ақ оларға тең еңбек жағдайы мен құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Бұдан әрі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ерсаев Оңтүстік Кореяға заңды түрде табыс табуға баратын қазақстандықтар үш жылға еңбек келісімшартын жасай алатынын айтты.

Сондай-ақ, биыл наурызда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ерсаев Share Together кәсіподағының өкілдерімен кездесті. Кәсіподақ Оңтүстік Кореядағы шетелдік еңбек мигранттарының құқығын қорғаумен айналысады және корей кәсіподақтары федерациясының құрамына кіреді. Қазақстан және Корея тараптары Оңтүстік Кореяда жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғау бойынша өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, екіжақты меморандумға қол қою жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді. Еңбек келісімін жасасу ынтымақтастықты неғұрлым тиімді жүзеге асыруға, оның ішінде Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарының бұзылу жағдайларын анықтауға, алдын алуға және оларға ден қоюға мүмкіндік береді.

Оңтүстік Кореяда заңды табыс табуды қалайтын қазақстандықтар алдын ала дайындықтан өтеді. Ол үшін Қонаевта арнайы Корей орталығы дайындалып жатыр. Орталық көпсалалы колледж базасында құрылады – дәл сол жерде Employment permit System (EPS) жүйесі бойынша оқу ұйымдастырылады.

Туризм және мәдени байланыс

2024 жылғы ақпанда Азаматтық авиация комитеті Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында орындалатын рейстер санын көбейтіп, жаңа әуе бағыттарын ашатынын хабарлады. Тараптар Астана мен Сеул арасындағы рейстерді қалпына келтіруді, екі қалаға орындалатын рейстерді ұлғайтуды жоспарлады. Air Astana компаниясының Астана-Сеул бағытындағы тікелей әуе рейсі 15 маусымнан басталады деп күтілуде. Қазақстан мен Оңтүстік Корея өкілдері Шымкенттен Сеулге және Пусан мен Қазақстан қалалары арасында рейстер ашу туралы келісті.

Мамырда Оңтүстік Кореяда «Орталық Азия – Корея Республикасы» ынтымақтастық форумы хатшылығының ұйымдастыруымен Орталық Азия елдерінің көктемгі фестивалі өтті. Ашылу салтанатында «ЦАРК» ынтымақтастық форумы хатшылығының атқарушы директоры Ли Чон Гук Орталық Азия елдері мен Корея арасындағы достықты одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Іс-шараның басты оқиғасы Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының Қазақ камералық хорының әсерлі қойылымы болды.

Қазақстанның Кореядағы елшісі Нұрғали Арыстанов соңғы жылдары мәдени-гуманитарлық байланыстар кеңейіп жатқанын атап өтті, бұл біздің елдеріміз арасындағы көп қырлы өзара іс-қимылды, оның ішінде туристік алмасуды нығайтуға ықпал етті. Сондай-ақ, фестиваль аясында Қазақстанның Кореядағы Елшілігі Кореядағы «Nomad» қазақстандықтар қауымдастығымен бірлесіп, дәстүрлі тағамдар, дала көшпенділерінің тұрмыс заттары, ұлттық киімдер мен еліміздің көрікті жерлерінің суреттері көрсетілген арнайы стенд ұйымдастырды.

Қорыта айтсақ, Корея президентінің алдағы сапары қос мемлекеттің көпжақты ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеріп, ұзақ мерзімге дамуға ықпал етері сөзсіз. Себебі сапар аясында екі ел басшылары келіссөз жүргізеді және қазақ-корей бизнес-форумына қатысады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылады.