Корейлік озық жабдықтармен жарақтандырылған орталық ерте диагностика жүргізуге, инсультті, өкпе ауруларын және басқа да күрделі патологияларды анықтауға арналған жасанды интеллект (ЖИ) көмекшілері мен смарт-жүйелерді енгізуге мүмкіндік береді.
Халықаралық форумға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов, Әулие Мария халықаралық клиникасының президенті Ко Дон Хён, сондай-ақ екі елдің жетекші медицина сарапшылары, әзірлеушілері мен IT-индустрия өкілдері қатысты.
Саланың цифрлық трансформациясы туралы баяндама жасаған ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов жүзеге асырылған жобалардың ауқымына тоқталды.
– Бүгінде Қазақстанда азаматтардың 20 миллионнан астам цифрлық профилі қалыптастырылған, ал цифрлық инфрақұрылым 21 мыңнан астам медициналық ұйымды қамтиды. Жыл сайын жүйе дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және клиникалық қызметтер бойынша 400 миллионнан астам операцияны өңдейді. Біздің басты бағытымыз – ЕГМИС жүйесі мен Smart Data Healthcare платформасы негізінде медицинаның бірыңғай цифрлық контурын құру. Жасанды интеллект алгоритмдерін интеграциялау дәрігердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, әрбір қазақстандыққа e-Densaulyq қосымшасында талдау нәтижелерін түсіндіріп, аурулардың алдын алу бойынша маңызды қадамдарды ұсынатын жеке ЖИ-көмекшісін пайдалануға мүмкіндік береді, – деді ол.
Технологиялар көрмесі аясында қазақстандық және корейлік әзірлеушілер дайын ЖИ-шешімдерін таныстырды. Олардың қатарында радиологиялық суреттерді автоматты талдау, инсульт пен көз түбі патологияларын жедел диагностикалау, демікпе мен өкпенің созылмалы обструктивті ауруын (ӨСОА) анықтау үшін өкпе функцияларын цифрлық зерттеу, жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін бағалау, остеопорозға скрининг жүргізу жүйелері бар.
Сонымен қатар шағын көлемді рентген аппараттары мен тірек-қимыл аппараты аурулары бар пациенттерді қашықтан бақылауға арналған ЖИ-платформалар көрсетілді.
Симпозиумның маңызды практикалық нәтижелерінің бірі – корейлік әріптестердің телемедицина кабинетін жабдықтауға арналған медициналық техниканы табыстау рәсімі және облыстық аурухана базасында жаңа орталықтың іске қосылуы.
Бұл орталық жетекші шетелдік және республикалық клиникалардың мамандарымен жедел түрде қашықтан консилиум өткізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде өңірдің шалғай аудандарындағы бейінді мамандар тапшылығы мәселесін шешуге ықпал етеді. Кездесу қорытындысы B2B/B2G форматындағы сессияларда бекітілді. Онда Қазақстан мен Корея компаниялары бірлескен технологиялық жобаларды іске қосу және Қазақстанның цифрлық медицинасына ұзақ мерзімді инвестициялар тарту мәселелерін талқылады.
2027 жылдан бастап азаматтар сақтандырусыз қандай медициналық қызметтерді ала алатынын жазған едік.