Қазақстан мен Өзбекстан адам құқығын қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ташкентте ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Нәдірқұлова мен Өзбекстанның Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының директоры Акмал Саидов кездесу өткізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: Өзбекстанның Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығы

Әуелі Акмал Саидов қазақстандық делегацияны конституциялық реформаның табысты жүзеге асуымен құттықтады. Атап айтқанда, ол мемлекеттік басқару моделін жетілдіру, бір палаталы Парламентке көшу және жаңа Конституцияда басымдық берілген адам құқықтарын қорғау тетіктерін жоғары бағалады.

Фото: Өзбекстанның Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығы

Кездесуде тараптар Қазақстан мен Өзбекстан адам құқықтары саласындағы ықпалдастықты ілгерілетіп келе жатқанын атап өтті. Бұл ретте жиынға қатысқан сарапшылар байланыстарды одан әрі тереңдету мүмкіндіктерін талқылап, бірқатар ұсыныс айтты.

Фото: Өзбекстанның Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығы

Тараптар әйелдер құқығын қорғауға бағытталған форумдар мен тренингтер ұйымдастыруға уағдаласты. Сондай-ақ, Орталық Азиядағы адам құқықтары саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру үшін ортақ іс-қимылдар жоспарын әзірлеу бастамасын зерделеді.

Еске салайық, таяуда Өзбекстанда 161 қуғын-сүргін құрбаны ақталды.

Қоса кетсек, бұған дейін Тоқаев пен Мирзиёевтің бейресми кездесуі қазақ-өзбек байланыстарына тың серпін бергенін жазып едік.