Қазақстан мен Өзбекстан ақпарат саласында әріптестікті нығайтуға келісті

Фото: Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада өтіп жатқан ІІ Орталық Азия медиафорумы аясында Қазақстан мен Өзбекстан екіжақты хаттамаға қол қойды. 

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Орталық Азия елдерінің медиа саласы мекемелері мен салалық ведомстволарының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Атап айтқанда Аида Балаева Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің директоры Асаджон Ходжаевпен кездесіп, Қазақстанның Орталық Азия өңірінде бірыңғай ақпараттық кеңістікті нығайтуды үнемі қолдайтынын атап өтті.

Сондай-ақ тараптар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және өзара тәжірибелік байланысты дамыту мақсатында ақпараттық саладағы әріптестікті нығайтуға бағытталған бірлескен хаттамаға қол қойылды.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Айта кетейік, Астанада ІІ Орталық Азия медиафорумы өтіп жатыр. Форумға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ұлыбритания, Қытай, Қатар, Ресей және басқа да елдерден 700-ден астам делегат қатысып жатыр.

Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Орталық Азия журналистер академиясы мен креативті хаб құруды ұсынды. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің БАҚ өкілдеріне арналған ортақ сыйлық тағайындау бастамасын алға тартты