2026 жылғы 25 маусымда Бас прокуратурамен Өзбекстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілдерінің қатысуымен «Заңсыз иемденілген активтерді анықтау, оларға тыйым салу және қайтару саласындағы халықаралық ынтымақтастық» тақырыбында семинар өткізілді.
Іс-шара Қазақстан мен Өзбекстан Бас Прокурорлары қол қойған Ынтымақтастық туралы меморандумды және 2026–2027 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар бағдарламасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.
Семинар барысында заңсыз иемденілген активтерді іздестіру, оларға тыйым салу, тәркілеу және қайтару саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Қазақстан Республикасының «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңын қолдану практикасына, азаматтық тәркілеу институтын пайдалануға, қайтарылған активтерді басқару мәселелеріне, сондай-ақ цифрлық активтерге байланысты қылмыстарды тергеп-тексеруге ерекше назар аударылды.
Қатысушылар практикалық тәжірибеменалмасып, қаржылық қылмыстардың трансұлттық сипатымен байланысты заманауи сын-қатерлерді қарастырды және активтерді қайтару саласындағы өзара іс-қимылдың одан арғы бағыттарын талқылады.
Семинар қорытындысы бойынша тараптар серіктестікті одан әрі дамытуға, практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және заңсыз иемденілген активтерді анықтау, оларға тыйым салу және қайтару тиімділігін арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруға мүдделілігін растады.
Осындай іс-шараларды өткізу халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және мемлекеттердің экономикалық мүдделерін қорғау жөніндегі бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Айта кетелік биыл мемлекеттен заңсыз шығарылған активтердің 40 млрд теңгесі қайтарылған еді.