Қазақстан мен Өзбекстан Арал табанына сексеуіл отырғызу бойынша бірлескен жоба әзірлемек
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ресми Астана мен Ташкент Арал теңізінің қазақ-өзбек шекарасы арқылы өтетін аумағына сексеуіл отырғызу бойынша бірлескен жобаны іске асырмақ.
Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне сұхбат берген Қарақалпақстанның Экология министрі Лейли Сеитова мәлім етті.
- Бізге қазақстандық әріптестеріміз келіп, тәжірибе алмасады. Олар Қарақалпақстанда атқарылған жұмыстың нәтижесін көрді. Сексеуілді отырғызу тәсілдерін жетілдіру бойынша Қазақстанмен бірлескен жобалар бар. Аралдың жартысы көрші елде, қалғаны Өзбекстан аумағында орналасқан. Тиісінше, бізге шекара маңына сексеуіл отырғызу жобасын Қазақстанмен бірлесіп әзірлеп, кейін жүзе асыру тапсырмасы жүктелді, - деді Лейли Сеитова Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.
Спикер атап өткендей, Арал теңізін қайта қалпына келтіру мүмкін болмаса да, оның теріс салдарын азайтып, қалған экожүйені сақтап қалу маңызды.
- Арал теңізін қайта толтыра алмаймыз. Бұл дәлелді талап етпейтін шындық. Дегенмен біздің міндет – қалған көлдерді сақтап қалу. Ол үшін аймақ елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсу маңызды. Су дипломатиясын дамыту арқылы мәселенің шешімін табуға болады, - деп мәлім етті Лейли Сеитова.
Осы ретте Қарақалпақстанның Экология министрі Аралдың құрғаған табанын жасыл желекке айналдыру бойынша атқарылып жатқан істердің нәтиже бере бастағанына тоқталды.
- Өзбекстан аумағындағы Арал табанының 2 млн гектарына сексеуіл отырғызылды. Бұл 2018 жылы басталған жоба. Атқарылған жұмыс жақсы нәтиже бере бастады. Алғашқы уақытта сексеуіл жерден көтерілетін 15-18% тұз бен шаңды ұстап қалады деген болжам жасалған. Дегенмен нәтиже алдын-ала есептеуден асып түсті. Яғни, сексеуіл 35-40%-ға жуық шаң мен сордың көкке көтерілуін тежеп жатыр, - деп қорытындылады Лейли Сеитова.
Еске салайық, таяуда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл отырғызу жұмыстарына түсінік берді.
Сонымен қатар биыл Аралдың құрғаған ұлтанындағы 15 мың гектар жерге сексеуіл егіледі.