ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Әуе қатынасын оңтайландыру мақсатында 11 шілдеден бастап Өзбекстан мен Қазақстан арасында рейс орындайтын ұшақтар үшін «Т-916» деп аталатын жаңа навигациялық бағыт ашылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
«Өзаэронавигация» орталығының мәліметіне сай, жаңа маршрут ашылған күні ол арқылы алғаш болып немістің «Lufthansa» әуекомпаниясының ұшағы рейс орындады.
«Бұл маршрутты қолдану есебінен қашықтық 40 шақырымға қысқарады және жылына 30-50 тонна авиаотын үнемдеуге болады. Бұл ретте, оттегінің шығыны 50-70 тоннаға кемиді, ал атмосфераға бөлінетін зиянды шығарындылардың көлемі жылына 220-250 тоннаға азаяды», - делінген «Өзаэронавигация» орталығының хабарламасында.
Айта кетейік, аталған навигациялық бағытты ашу туралы келісім «Өзаэронавигация» және «Қазаэронавигация» кәсіпорындары арасында жасалған.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.