Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өңіраралық байланыс нығайып келеді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Түркістан облыстық туризм басқармасының мамандары мен өзбекстандық «Заамин» демалыс аймағының өкілдері Джизак облысында кездесіп, өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Құжат өзбекстандық саяхатшылардың киелі Түркістанда, ал қазақстандықтардың Джизактың таулы курорттық аймағында демалыс өткізуіне мүмкіндік беруге бағытталған.
Айта кетсек, биыл Түркістан мен Джизак облыстары сауда-экономикалық қатынастарды тереңдетуге бағытталған меморандумға қол қойған болатын. Соның аясында іскер топ өкілдері нарық мүмкіндіктерін жан-жақты саралауға көшкен.
- Түркістан мен Джизак облыстары арасында бауырластық меморандумы бар. Соның аясында үлкен нәтижелерге қол жеткіздік. Бірлескен жобаларды іске асыру жоспарымыз бар. Енді бірлесекен туристік бағыттарды ашу үшін тиісті уағдаластыққа қол қойып отырмыз, - деді Түркістан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шоңбасов.
Сапар аясында қазақстандық делегация мүшелерін Джизак облысының басшылығы қабылдады. Онда қос тарап өзара сауда айналымын ұлғайтуға ниетті екенін жеткізді. Ол үшін облыстарда өндірілетін тауар тізбегін әзірлеу, іскер топтардың байланысын нығайту және автобус қатынасын іске қосу бастамасы көтерілді.
- Түркістан облысынан 50 кәсіпкер келіп отыр. 2 күн бойы инвестициялық жобалармен танысып, мүмкіндіктерді сараладық. Джизактың өндірістік әлеуетіне куә болдық. Бастысы тараптар тәжірибе алмасып жатыр, - деп тоқталды Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов.
Кездесу соңында делегация мүшелері бұл сапар өңіраралық экономикалық байланыстарды дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.