Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестікті және одастастықты дамыту бағдарламасы бекітіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Ақордада Қазақстан-Өзбекстан жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысы өтіп жатыр. Отырысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.

Фото: Мухтар Холдорбеков / Kazinform

«Ең алдымен менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгеніңіз үшін Президент Шавкат Мирзиёевке шынайы ризашылығымды білдіремін. Туысқан өзбек халқының басшысын қазақ жерінде қарсы алу біз үшін үлкен құрмет, мәртебе. Өзбекстан қазақ еліне бауырлас мемлекет, тату көрші, маңызды әрі сенімді серіктес. Халықтарымыздың мызғымас достығы ортақ тарихқа және құндылықтарға негізделген», - деді отырысты ашқан Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы қазақ-өзбек қатынасы стратегиялық серіктестік және одастастық рухында тұрақты дамып келе жатқанын баса айтты.

«Біз Өзбекстанмен ынтымақтастықты нығайта түсуге айрықша көңіл бөлеміз. Былтыр одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойдық. Бүгін алдағы 10 жылға арналған стратегиялық әріптестікті және одастастықты дамыту бағдарламасын бекітеміз. Осы маңызды қадамдар екі елдің байланысын дамытуға айрықша серпін береді деп сенеміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.