Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жабық тұрған ірі шекара бекеті қашан ашылады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ең ірі шекара өткелдерінің бірі — «Жібек жолы – Гишт Куприк» бекеті 2025 жылдың ақпан айынан бері жабық тұр. Қайта құру жұмыстары жалғасып жатқандықтан, оның ашылуы жақын арада жоспарланбай отыр.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Қазақстан аумағындағы құрылыс жұмыстары 2025 жылдың ақпанында басталып, 2026 жылдың тамызына дейін жалғасады.
— «Жібек жолы» шекара бекетін қайта жаңарту жұмыстары 2025 жылдың ақпан айында басталды. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, құрылыс 2026 жылдың тамызында аяқталады, — деп нақтылады ведомство.
Өзбекстандағы іргелес «Гишт Куприк» бекетінде де жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Алғашында оларды төрт ай ішінде аяқтау жоспарланғанымен, мерзім кейінге шегерілді.
— Өзбекстан тарапындағы реконструкция жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Ресми мәлімет бойынша, «Гишт Куприк» бекеті 2025 жылдың төртінші тоқсанында қайта ашылады, — деді комитет өкілдері.
Осы кезеңде «Жібек жолы» бекеті арқылы жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысы толығымен тоқтатылған.
- Азаматтар мен жүк тасымалдаушылар үшін балама бағыттар ұсынылды. Жаяу шекара асу үшін «Қапыланбек», «Б. Қонысбаева», «Сырдария» және «Целинный» бекеттері пайдаланылады.
- Жүк тасымалы «Б. Қонысбаева», «Атамекен» және «Қазығұрт» бекеттері арқылы жүзеге асырылады.
- Теміржол қатынасы үшін «Сарыағаш» және «Бейнеу» бекеттері қолжетімді.
Сонымен қатар, «Дәуіт ата» мен «Тәжен» шекара бекеттері 1 қыркүйекке дейін жабық болады. Бұл шешім қос елдің келісімімен қабылданған және жалғасып жатқан құрылыс жұмыстарына байланысты енгізілді.
Айта кетейікғ шілденің басында БҚО-да «Сырым» автомобиль өткізу бекетінде құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.