Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Қазақстан аумағындағы құрылыс жұмыстары 2025 жылдың ақпанында басталып, 2026 жылдың тамызына дейін жалғасады.
— «Жібек жолы» шекара бекетін қайта жаңарту жұмыстары 2025 жылдың ақпан айында басталды. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, құрылыс 2026 жылдың тамызында аяқталады, — деп нақтылады ведомство.
Өзбекстандағы іргелес «Гишт Куприк» бекетінде де жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Алғашында оларды төрт ай ішінде аяқтау жоспарланғанымен, мерзім кейінге шегерілді.
— Өзбекстан тарапындағы реконструкция жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Ресми мәлімет бойынша, «Гишт Куприк» бекеті 2025 жылдың төртінші тоқсанында қайта ашылады, — деді комитет өкілдері.
Осы кезеңде «Жібек жолы» бекеті арқылы жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысы толығымен тоқтатылған.
- Азаматтар мен жүк тасымалдаушылар үшін балама бағыттар ұсынылды. Жаяу шекара асу үшін «Қапыланбек», «Б. Қонысбаева», «Сырдария» және «Целинный» бекеттері пайдаланылады.
- Жүк тасымалы «Б. Қонысбаева», «Атамекен» және «Қазығұрт» бекеттері арқылы жүзеге асырылады.
- Теміржол қатынасы үшін «Сарыағаш» және «Бейнеу» бекеттері қолжетімді.
Сонымен қатар, «Дәуіт ата» мен «Тәжен» шекара бекеттері 1 қыркүйекке дейін жабық болады. Бұл шешім қос елдің келісімімен қабылданған және жалғасып жатқан құрылыс жұмыстарына байланысты енгізілді.
Айта кетейікғ шілденің басында БҚО-да «Сырым» автомобиль өткізу бекетінде құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.