Қазақстан мен Өзбекстан арасында Мақтаарал стансасы іске қосылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «2006 жылғы 4 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.

Хаттаманың негізгі мақсаты екі елдің өткізу пункттеріне Мақтаарал стансасын енгізу болып табылады. Осының арқасында қазақстандық жүктерді Шардара су қоймасы аумағынан Өзбекстанның транзиттік теміржол учаскесін пайдалана отырып, өткізіп шығару қарастырылады. Айта кетерлігі, бұған дейін Мақтаарал стансасы бекітілген тізбеде болмағандықтан Өзбекстан тарапы осы бағыттағы Қазақстанның пойыздарын өткізбей келген. Енді бұл мәселе екі ел арасындағы хаттама арқылы толығымен шешімін таппақ.

Айта кетерлігі, хаттамада сондай-ақ, Кеден одағының стандарттарына сәйкес келмейтін автомобильдер өткізу пункттерінің санын 10-нан 6-ға дейін қысқарту көзделеді.

Заң жобасы палатаның алдағы жалпы отырысына шығарылады.