Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы жарты миллиард доллардан асты

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - 2017 жылдың басынан бергі тоғыз айда Қазақстан және Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 554 миллион долларды құрады. Ал өзбек кәсіпкерлерінің Қазақстанда салық төлеу көрсеткіші былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 миллиард теңгеге артты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Оңтүстік Қазақстан облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Асқар Исаховқа сілтеме жасап.

«Екі ел арасындағы тауар айналымының артуы әкімшілік кедергілерді төмендетусіз мүмкін емес. Қазақстан мен Өзбекстан бірқатар халықаралық конвенциялар қатарына, соның ішінде шекаралардағы жүктерге бақылау жүргізу шарттарын келісу туралы конвенцияға қосылып үлгерді», - деп атап өтті Исахов.

Бұдан өзге, екі ел кеденшілері сыртқыэкономикалық қызметке қатысушылардың шекарадан өтуін жылдамдату туралы ортақ пікірге келді. Мәселен, қазір Өзбекстанмен шекарада бес кеден бекеті тұр, олардың әрқайсысының өз функциялары бар.