Қазақстан мен Өзбекстан денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты тереңдете түседі

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Бүгін Ташкентте «Қазақстан — Өзбекстан: Денсаулық сақтау, технология және кадр саласындағы ынтымақтастық» халықаралық форумы өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Аталған іс-шара Өзбекстанда өткен Қазақстанның медицина күндерін қорытындылауға арналды. Оған екі елдің денсаулық сақтау министрлері, дипломаттар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Өзбекстандағы өкілдері қатысты.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

— Біздің елдеріміз денсаулық сақтау саласын дамыту үшін тың технологияларды енгізіп жатыр. Қазақстан мен Өзбекстан цифрлық трансформация және инновациялық шешімдер арқылы маңызды мәселелерді шешіп келеді. Біз қос мемлекет арасындағы ынтымақтастық өңірдегі денсаулық сақтау саласының жаңа жүйесін құруға серпін беретініне сенімдіміз, — деді форумда сөз сөйлеген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Өзбекстандағы Қазақстанның медицина күндері аясында 100-ге жуық отандық білікті маман Ташкент, Ферғана, Самарқанд, Бұхарада және Қарақалпақстанның Нүкіс қаласында болып, тәжірибе алмасты, оталар жасады.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

5 күнге жалғасқан іс-шара барысында дәрігерлер 3 мыңға жуық өзбекстандыққа медициналық кеңес берді. Сонымен қатар, көрші елдің белді орталықтарында жасалған 60-тан астам күрделі отаға қатысып, көмек көрсетті.

— Өзбекстанда осындай ауқымды іс-шараны өткізу өте маңызды бастама болды. Оның аясында біз өзара іс-қимылды пысықтап, озық жобаларды бірлесіп ілгерілету мүмкіндігін қарастырдық, — деп мәлім етті Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрі Асилбек Худаяров.

Форум барысында белгілі болғандай, бүгінде Қазақстанның медициналық жоғары оқу орындарында Өзбекстанның 700-ге жуық азаматы білім алып жатыр. Ал Ташкентте 100-ден астам қазақстандық оқиды.

Іс-шараның қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның ғылыми орталықтары, жетекші клиникалары, медициналық университеттері арасында ынтымақтастық туралы 30-ға жуық меморандумға қол қойылды.