Біздің елімізбен Өзбекстан ғарыш кеңістігін серіктестікте игеріп келеді. Мәселен, қос мемлекет ынтымақтастық аясында мониторингімен айналысатын мамандарды даярлап, тәжірибе алмасып отырады.
«Өзбекғарыш» агенттігі құрылған сәттен бастап «Қазғарыш» оған маңызды серіктес болды. Бастапқыда, яғни 2021 жылдың соңында ғарышты бейбіт мақсатта игеру жөніндегі екі елдің үкіметаралық келісімі бекітілді. Соның аясында қызметкерлерімізді оқытуға бағытталған нәтижелі жұмыс атқарылды. Әрі ғарыштық мониторинг тәжірибесі үлгі ретінде алынды. Бірқатар пилоттық жоба іске асты», - деп тоқталды Өзбекстан ғарыштық технология және зерттеу агенттігінің бөлім басшысы Исмаил Расулов.
Әзірге көршілес елдің қашықтан зондтауға арналған өз спутнигі жоқ. Бұған қарамастан Өзбекстанда ғарыштық мониторинг мемлекеттік деңгейде бекітілген. Яғни, космостан жасалған суреттер негізінде алынған ақпараттарға қатысты қажетті шаралар үкімет дәрежесінде қабылданады. Ал Қазақстанда ғарыштық мониторингі мемлекеттік деңгейдегі мәртебеге ие емес.
Еске сала кетейік, бүгін – бүкіләлемдік авиация және космонавтика күні.