ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қазақстан мен Өзбекстан халықаралық жүк тасымалына берілетін рұқсат құжаттарын алмасудың электрондық жүйесін енгізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Өзбекстан Көлік министрлігінің мәліметінше, елдер арасындағы жүк тасымалы процесін оңтайландыру мақсатында рұқсат бланкілерімен алмасатын «E-Permit» электрондық жүйесі іске қосылды.
«E-Permit» жүйесін қолдану арқылы алғаш рет квоталармен алмасу процесі жүзеге асып, жүк көліктері «Яллама» кеден бекетінен өтті. Бұл жүйені «Цифрлық көлік» орталығының мамандары пилоттық режимде сәтті іске қосты», - деп мәлім етті ӨР Көлік министрлігінен.
Сондай-ақ ведомство екі ел арасындағы жүк тасымалына қолайлы жағдай жасау үшін алдағы уақытта да заманауи цифрлық технологияларды кеңінен енгізуге ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.