Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған биік деңгейге көтерілді — Мәулен Әшімбаев

Фото: Дәулет Ізтілеу/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Өзбекстанның қарым-қатынасы сенімге негізделген. Бұл ойды Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ортаға салды. 

— Қазақстан мен Өзбекстанның қарым-қатынасы соңғы жылдары Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің жетекшілігімен бұрын-соңды болмаған биік деңгейге көтерілді. Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа, мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы шартқа және алдағы 10 жылға арналған стратегиялық әріптестік шартына қол қойылды. Саяси, экономикалық және мәдени байланыс белсенді дамып жатыр. Біз бір бағытқа қараймыз. Бізді біріктіретін ортақ мақсат — тұрақты, өркендеген және әлемге ашық Орталық Азия. Әлемдік тұрақсыздықтың осы бір күрделі кезеңінде біздің елдер арасындағы кез келген шарттан да күшті нәрсе бар — ол сенім, — деді Мәулен Әшімбаев елордада өтіп жатқан қазақ-өзбек зиялы қауымының алғашқы форумында.

Төрағаның мәлімдеуінше, Қазақстан мен Өзбекстан елі арасындағы сенім ешқандай құжатта жазылмаған және архивте шаң басып жатпайды.

— Сенім — екі халықтың өзінде, өзара құрметінде, шынайы достығында, мәдени алмасуында және адами қарым-қатынас негізінде жатыр. Осы тұрғыдан алғанда мәдени-гуманитарлық сала шешуші рөл атқарады. Мәдениет, өнер, білім — ешбір саяси дауыл құлата алмайтын көпір. Олар ортақ тарихқа, өзара құрмет пен бір-біріне деген шынайы қызығушылыққа негізделген. Халықтарымыздың мәдениет күндері, театр гастрольдері, биеннале, кітап аудармалары, ғылыми симпозиумдар, барлығы біздің ынтымақтастығымызды жандандырып, тұрақтылық береді. Бүгінгі зияткерлік және шығармашылық өкілдерінің кездесуі идеялармен, ойлармен және жоспарлармен алмасатын алаңға айналып, бір-бірімізді тыңдап, ортақ болашаққа қарай тағы бір қадам жасауға мүмкіндік беретініне сенімдімін, — деп толықтырды Мәулен Әшімбаев.

Бүгін Астанада қазақ-өзбек зиялы қауымының алғашқы форумы өтіп жатыр. Алғаш ұйымдастырылған форумға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев және Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаева бастаған қазақ-өзбек ғылыми-шығармашылық зиялы өкілдері қатысып жатыр