Қазақстан мен Өзбекстан қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Шымкентте Қазақстан мен Өзбекстан қауіпсіздік кеңестері аппараттарының сегізінші консультациялық кездесуі өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Фото: Ақорда

Жиынға Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева мен Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Виктор Махмудов төрағалық етті.

Мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысқан келіссөзде қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қаралды.

Фото: Ақорда

— Тараптар халықаралық терроризм мен діни экстремизмге қарсы іс-қимыл, жастардың радикалдануының алдын алу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар ұйымдасқан қылмысқа, есірткінің заңсыз тасымалына, заңсыз көші-қонға және киберқылмысқа қарсы күреске назар аударылды. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні пайдалануға байланысты жаңа қатерлер де жан-жақты пысықталды, — делінген хабарламада.

Су және экологиялық қауіпсіздік, трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері де арнайы қаралды. Осы орайда, Қазақстан Президентінің БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құру, сондай-ақ Климаттық және техногендік төтенше жағдайларды болжаудың өңірлік орталығын ашу туралы бастамаларының маңызы атап өтілді.

Фото: Ақорда

Сегізінші консультациялық кездесудің қорытындысы бойынша Аида Балаева мен Виктор Махмудов тиісті хаттамаға қол қойды. Сондай-ақ оның жүйелі орындалуын қамтамасыз ету үшін бірлескен сарапшылар тобын құруға уағдаласты.

Қауіпсіздік кеңестері аппараттарының консультациялары қабылданған ынтымақтастық жоспарына сәйкес тұрақты өткізіледі.

Фото: Ақорда

Іс-шара аясында делегация басшылары екі ел арасындағы достық пен ұзақмерзімді ынтымақтастықты нығайту нышаны ретінде А.Асқаров атындағы дендросаябақта ағаш отырғызды.

Осыған дейін Президент Қауіпсіздік кеңесі аппаратына жаңа міндеттер жүктегенін жазғанбыз.