Қазақстан мен Өзбекстан көліктік бақылауды цифрландыру мәселесін қарады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы өкілдерінің көліктік бақылау саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша онлайн форматта жұмыс кездесуі өтті.

Фото: Көлік министрлігі

Қазақстандық делегацияны Көлік министрлігі Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Дастан Жұмақұлов, ал өзбекстандық делегацияны Өзбекстан Республикасының Көліктік бақылау инспекциясының басшысы Джамшид Каримов басқарды.

Кездесу барысында тараптар екі елдегі көліктік бақылауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәжірибесімен алмасып, автомобиль тасымалдарын бақылаудың қолданыстағы тетіктерін, сондай-ақ бақылау рәсімдерін жетілдіру мәселелерін талқылады.

Фото: Көлік министрлігі

Көліктік бақылауды цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар цифрлық шешімдерді енгізу бақылау процестерінің ашықтығын арттыруға, адами фактордың ықпалын азайтуға және уәкілетті органдар жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша көліктік бақылау саласында тәжірибе алмасуды жалғастыру, оның ішінде өзбекстандық әріптестерді Қазақстанда қолданылатын цифрлық шешімдермен және оларды пайдалану тәжірибесімен таныстыруды ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Тараптар көліктік бақылауды жетілдіру мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.

Айта кетелік Қазақстан мен Өзбекстан қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтетіні туралы жазған едік.