Қазақстан мен Өзбекстан лаңкестікпен күрес саласында ынтымақтастықты нығайтуға ниетті - Мемлекет басшысы

АСТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Өзбекстан трансұлттық қауіп-қатермен күрес саласында ынтымақтастықты нығайтуға ниетті.

Бұл туралы бүгін Ақордада Өзбекстан Президенті Ислам Каримовпен кездескеннен кейінгі брифингте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

«Келіссөздер барысында біз халықаралық ұйымдар аясында өзара іс-қимылды, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, оның ішінде Ауғанстандағы ахуалды, Таяу Шығыстағы жағдайды талқыладық. Қауіпсіздік және Орталық Азиядағы тұрақтылықта көп мәселе біздің өзара күш-жігерімізге байланысты», - деді Президент.

Елбасы халықаралық ұйымдар мен екіжақты байланыстар аясында Қазақстан мен Өзбекстан трансұлттық қауіп-қатермен күрес саласында ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін қадап айтты.