Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттік шекара мәселесінде ынтымақтастықты дамытады - Парламент

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің арасындағы шекара өкілдерінің қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы келісімге 2000 жылы Ташкентте қол қойылған. Құжат екі ел арасындағы шекаралық мәселелер бойынша шарттық-құқықтық базаны жетілдіруге бағытталады. Атап айтқанда, келісім шекара өкілдерінің қызметі, шекаралық мәселелерді реттеу, шекарадағы тұрақтылықты одан әрі қамтамасыз ету және шекаралық ынтымақтастықты ынталандыру, сонымен бірге, мемлекеттік шекара режимін сақтау үшін негіз қаланады.

Құжатқа сәйкес, тараптар шекара өкілдері мен шекара өкілдерінің орынбасарларын тағайындайды және олардың тегін, атын және әкесінің атын, қызмет ету учаскелері мен болатын орындарын көрсете отырып, дипломатиялық арналар арқылы бір-біріне бұл туралы хабарлауы тиіс. «Шекара өкілдері өздері қызмет ететін учаскелер шегінде оқыс оқиғалардың алдын алу және оларды реттеу жөнінде қажетті шараларды қабылдайды. Мемлекеттік шекараны кесіп өтудің белгіленген қағидаларының сақталуын бақылайды. Сондай-ақ, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп қару-жарақтың, оқ-дәрілердің, есірткі, психотроптық заттардың, валютаның және радиоактивті заттардың контрабандасына қарсы күрес жөнінде қажетті шараларды қолға алады», - деді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары-Шекара қызметінің директоры Нұрлан Жоламанов.

Бұдан бөлек, өрттердің, эпидемиялардың, эпизотиялардың және ауыл шаруашылығы зиянкестерінің таралу қаупі туралы бір-бірін уақтылы хабардар етеді. Жалпы, құжатты қабылдау мемлекеттік шекара режімін ұстап тұруға, тату көршілік қатынасты одан әрі нығайтуға, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекара мәселесінде өзара ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік бермек. Парламент қабылдаған құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.