Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Бұхараның тарихи орындарын аралады

БҰХАРА. KAZINFORM – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев IV-III ғасырларда бой көтерген Арк қамалын тамашалады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Фото: Ақорда

Көне нысан сан рет қирағанымен қайта қалпына келтірілген. Қазіргі уақытта бекініс аумағында Бұхара мемлекеттік музей-қорығы орналасқан.

Фото: Ақорда

Бұдан кейін мемлекеттер басшылары Бұхарадағы танымал орындардың бірі «Ляби-хауз» кешеніне барды. Мұнда XVII ғасырда салынған Нәдір Диуан-Бегі медресесі мен ханакасы, XVI ғасырда іргетасы қаланған Көкілташ медресесі секілді әйгілі сәулет ескерткіштерін көре аласыз.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Қазақстан мен Өзбекстан көшбасшылары XII-XVI ғасырларда салынған Калян мұнарасы мен мешіті, Мири Араб медресесі секілді үш ғимараттан тұратын «Пои-Калян» тарихи кешенінде болды.

Фото: Ақорда

Бұхара ғасырлар бойы Орталық Азиядағы негізгі рухани ілім орталықтарының бірі болғаны белгілі.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Жергілікті медреселерде қазақтың Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Нұржан Наушабаев, Шортанбай Қанайұлы және басқа да көрнекті қайраткерлері білім нәрімен сусындаған. Олардың есімдері екі ел тарихына ортақ.

Фото: Ақорда

Бұдан бөлек, мемлекеттер басшыларына Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының музей-құжырасы таныстырылды. Президенттер Бұхарада оқыған қазақ зиялылары туралы көрмені аралап көрді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Тоқаев пен Мирзиёев MERGANTEKS мақта-мата кластерінің жұмысымен танысқанын жазған едік.