Іс-шараға екі елдің кеден және шекара қызметтерінің, жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ өткізу пункттерін қайта жаңғырту жұмыстарын жүзеге асыратын мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.
Сапар барысында елші нысандарды қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижелерімен, инженерлік-техникалық және көлік инфрақұрылымының жай-күйімен, шекаралық және кедендік бақылаудың ұйымдастырылуымен, сондай-ақ екі ел азаматтарының мемлекеттік шекарадан жайлы әрі қауіпсіз өтуі үшін жасалған жағдайлармен танысты.
Аумағы 2,7 гектар болатын «Жібек жолы» өткізу пунктін қайта жаңғырту аясында қазақстандық тарапта әрқайсысының ауданы 10 мың шаршы метр болатын екі заманауи жолаушылар терминалы салынды. Өзбекстан жағындағы іргелес «Ғишт-Көпір» өткізу пунктінің аумағы 9 гектар.
Жаңғыртылған өткізу пункттері тәулігіне 70 мың адамға дейін, ал жүктеме ең жоғары кезеңдерде 100 мың адамға дейін қызмет көрсетуге есептелген. Бұл Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ең көп пайдаланылатын шекаралық өткелдердің бірінің өткізу қабілетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Нысандарды аралау қорытындысы бойынша екі өткізу пунктінің де пайдалануға техникалық тұрғыдан дайын екені атап өтілді. Сонымен қатар олардың толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін сыртқы инфрақұрылымды жабдықтау, оның ішінде іргелес аумақтарды абаттандыру және көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысын ұйымдастыру жұмыстарын аяқтау қажет. Аталған жұмыстарды орындау жергілікті атқарушы органдарға жүктелген.
Инфрақұрылымдық жұмыстарды аяқтау және өткізу пункттерін бір мезгілде ашуды қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның құзыретті мемлекеттік органдарының келісілген іс-қимылдарына ерекше назар аударылды.
Жаңғыртылған «Жібек жолы» және «Ғишт-Көпір» өткізу пункттерінің ашылуы мемлекеттік шекарадан өту үшін қолайлы жағдай жасауға, шекаралық рәсімдерден өту уақытын қысқартуға, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға жаңа серпін беруге мүмкіндік береді.
Айта кетелік Қазақстан мен Өзбекстан көліктік бақылауды цифрландыру мәселесін қараған еді.