Қазақстан мен Өзбекстан спорт саласындағы ынтымақтастықты нығайтады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Өзбекстан Республикасының Спорт министрі Адхам Икрамовпен екіжақты кездесу өткізді.
Кездесуге Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин, Өзбекстан ҰОК төрағасының бірінші орынбасары Отабек Умаров, Паралимпиада комитеттерінің және спорт саласындағы бірқатар ұйым басшысы қатысты.
Келіссөздер барысында тараптар бірлескен іс-қимылдың өзекті бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, спорт кадрларын даярлау, паралимпиадалық спортты дамыту және ұлттық спорт түрлерін бірлесе насихаттау және дамыту мәселелері қаралды. Сондай-ақ биыл қараша айында Түркістанда футболдан екі елдің ұлттық құрамалары арасында жолдастық матч өткізу және 2026 жылы Астанада ұйымдастырылатын халықаралық «Болашақ ойындары» турниріне Өзбекстан делегациясының қатысуы сөз болды.
– Қазақстан мен Өзбекстан – спорт саласындағы стратегиялық серіктестер. Бізді ортақ мақсаттар, сондай-ақ тарихи және мәдени байланыстар біріктіреді. Екі ел арасындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейту спорт саласының дамуына тың серпін беретініне сенімдімін, - деді Ербол Мырзабосынов.
Бұдан бөлек министр Астанадағы Ұлттық спорт университетінің құрылысы аяқталғанын атап өтіп, Өзбекстан тарапын спорттық білім беру саласында тығыз ынтымақтастық орнатуға шақырды.
– Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті әрқашан ынтымақтастыққа ашық әрі әріптестеріміздің бастамаларын жоғары бағалайды. Әсіресе, Олимпиадалық қозғалыс аясындағы бірлескен жұмыстың маңызы зор. Мұндай кездесулер өзара әріптестікті нығайтып, елдерімізде спортты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады, - деді Геннадий Головкин.
Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы серіктестікті нығайтуға, тұрақты спорттық диалогты дамытуға ниетті екендіктерін жеткізді.