- Біз Өзбекстанмен ұзақ жылдар бойы тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеміз. Атап айтқанда, Жерді қашықтан зондтау және GIS бағыттарын дамыту бойынша бірлескен жобаларды іске асырамыз. Сонымен қатар «Өзбеккосмос» мамандары Қазақстандағы ғарыш орталығының базасында тағылымдамадан өтті. Мұнымен бірге біз су ресурстарын ғарыштан бақылау бойынша бірегей жобаны талқыладық. Бұл Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Қырғызстан үшін де өте маңызды. Біз күш-жігерімізді біріктірсек, мұздықтардың қандай жылдамдықпен еріп жатқанын және қай су арналарын тазарту қажет екенін біле аламыз. Себебі сортаңдану, батпақтану сияқты мәселер бар. Тиісінше, мен бүгін аталған бастаманы көтердім, - деді ҚР Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Шүленбаев Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.
Спикер бұл жоба әлі талқылау кезеңінде екенін атап өтті. Егер оған өзбек тарапы қызығушылық білдірсе, онда Қазақстан оны іске асыру үшін барлық күш-жігерді біріктіруге ниетті.
- Бұл ұсынысты әзірге талқылап жатырмыз. Бастапқыда ол ғылыми жоба ретінде жүруі мүмкін. Кейін оны толық платформа ретінде қалыптастыру мүміндігін қарастырамыз, - деп пікір білдірді Қуандық Шүленбаев.
Ал Kazinform тілшісіне сұхбат берген «Өзбеккосмос» агенттігі халықаралық қатынастар бөлімінің бас маманы Бехруз Мирзаев ведомство құрылған уақыттан бері қазақстандық мамандармен тығыз жұмыс істеп келе жатқанына тоқталды.
- «Өзбеккосмос» агенттігі құрылған сәттен бастап Қазақстанмен өте тығыз жұмыс істейміз. Бұл - біздің ең жақын көршіміз әрі бауырымыз. Біз олардан көп нәрсені үйрендік. Ғарыштық мониторинг бойынша біз қазақ тарапының тәжірибесін зерделедік және кейбір маңызды бағдарламаларды өзімізде енгіздік. Сондай-ақ, біз қазір Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Қазақстан әзірлеп жатқан спутникті құрастыру және оны ғарыш кеңістігіне шығару бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Өз кезегінде біз осы жерсерік үшін қозғалтқыш жүйесін дайындауға жәрдемдесеміз, - деп түйіндеді Бехруз Мирзаев.
Еске салайық, аталған конференция барысында 2027 жылы ғарышқа шығарылатын түркі елдерінің бірлескен спутнигі таныстырылды.
Мұнымен бірге жақында космосқа аттанатын тұңғыш өзбек ғарышкеріне қойылатын талаптар жарияланды.
Қоса кетсек, биыл Өзбекстан мен Қытай ғарышқа Жерді қашықтықтан зондтайтын спутник ұшыруды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, Өзбекстан 2028 жылы «Mirzo Ulug’bek» спутнигін ғарыш кеңістігіне шығарады.