Қазақстан мен Өзбекстан тандемі Орталық Азияны дамыту драйверіне айналады – сарапшылар

Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары Астана мен Ташкент арасындағы экономикалық байланысты жаңа деңгейге көтеріп, өндірістік кооперация мен транзитті біртұтас жүйеге айналдыруға бағытталды. Kazinform-ның аналитикалық шолушысы сапар нәтижелерін сарапшылармен бірлесе жан-жақты талдады.

Өңірлік интеграция мен өндірістік кооперация

Қазақстан өңірлік ынтымақтастық пен интеграцияны күшейтуге айтарлықтай үлес қосып, барлық Орталық Азия елдерімен белсенді қарым-қатынас орнатып келеді. Өңірдегі басты серіктесіміз – Өзбекстан.

– Қазақстан мен Өзбекстан – Орталық Азияның ірі мемлекеттері, олар екіжақты қарым-қатынастар мен жалпы өңірлік дамудың негізгі күн тәртібін айқындап келеді, - дейді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Әлішер Тастенов.

Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан мен Өзбекстан бүкіл аймақтың тұрақты дамуына бағытталған «берік стратегиялық альянсты» қалыптастырады. Бұл байланыс екі ел басшылары арасындағы достық қатынастармен бекітілген. Президентті ұшақ трапында қарсы алу және Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Достықтың жоғарғы дәрежесі» орденінің берілуі ерекше құрметтің айғағы болса, шынайы саясаттағы баға нақты іс-әрекеттерден көрінеді. 

Тағы бір маңызды аспект – екі елдің басшылары прагматик. Олар экономикалық жаңғыруға бағытталған және күрделі халықаралық ахуалда күш біріктірудің маңызын терең түсінеді. 

– Бізге екіжақты сауданы дамыту, жаңа өсім нүктелерін анықтау, тауар номенклатурасын кеңейту және шикізаттық емес экспортты ынталандыру бойынша нақты шаралар қабылдау қажет. Сол мақсатта өзара тауар айналымын арттыру бағдарламасын сапалы жүзеге асыру маңызды. Практикалық нәтижелер бүгін құрылып отырған Аймақ басшыларының кеңесі, Іскерлік кеңес және бірлескен UzKazTrade сауда компаниясы арқылы көрініс табады, - деді Қазақстан Президенті Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысында.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда қатынастары соңғы жылдары тұрақты қарқынмен өсіп, екі елдің экономикалық серіктестігі жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келеді. Өткен жылы өзара тауар айналымының 4 млрд доллардан асуы – осы үрдістің айқын көрінісі. Ал 2030 жылға дейін айналымды 10 млрд долларға жеткізу мақсаты екіжақты мүмкіндіктің үйлесімін айқындайды.

Мемлекет басшысының Ташкенттегі келіссөздері сауда-экономикалық интеграцияны тереңдетудің жаңа кезеңін белгіледі. «Еуразиялық мониторинг» аналитикалық зерттеулер орталығының директоры Әлібек Тәжібаевтың айтуынша, қазіргі мақсат – бар байланысты жалғастыру емес, оларды жаңа өндірістік, технологиялық және кооперациялық мазмұнмен толықтыру.

– Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында өзара сауда көлемі шамамен 3 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18-19%-ға артты, ал тоғыз айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 3,4 млрд долларға жетіп, өсім қарқыны ұқсас деңгейде сақталды. Қазақстанның экспорты 25%-дан астам өсіп, 2,2 млрд доллардан асты. Сауда балансы тұрақты түрде Қазақстан пайдасына қалып отыр, - деді Әлібек Тәжібаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің бейнеконференция режимінде іске қосқан жалпы сомасы 1,2 млрд долларлық жеті бірлескен жобаның ішінде сарапшы «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығына ерекше тоқталды.

– Жоба шамамен 100 гектар аумақты қамтитын екіжақты өнеркәсіптік аймақты құрып, медициналық бұйымдар, тамшылатып суару жүйелері, мақта өңдеу, текстиль, күріш өңдеу және азық-түлік өндірісін қамтиды, - дейді сарапшы.

Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан ауыл шаруашылығындағы әріптестікті тереңдетіп, тауарларды сатудан өңдеудің жоғары деңгейіне көшу жоспарын жүзеге асыруда. Жоғары мемлекетаралық кеңестің шешімімен сирек кездесетін және сирек жер металдарын геологиялық зерттеу және өндіру бойынша жұмыс тобы құрылды. Қытай, АҚШ және Ресеймен жүргізілген келіссөздер салаға инвесторлардың қызығушылығын көрсетеді.

«Қазақстан мен Өзбекстан бәсекелес емес»

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің келіссөздері қорытындысында 17 құжатқа қол қойылды. Оған келісімдер, меморандумдар және шешімдер пакеті кіреді. Олар мұнай-газ және химия өнеркәсібінен бастап тау-кен өндірісі, туризм саласы, су ресурстарын бірлесіп басқару және әскери жаттығуларға дейінгі кең ауқымды мәселелерді қамтиды. Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары екіжақты ынтымақтастық одан әрі тереңдейді.

– Жүк тасымалы кезінде жоғары шығындар мен айтарлықтай кешігулер басты мәселе болып отыр. Бұған теміржол тарифтері, құжаттарды рәсімдеудің күрделілігі және жүк бақылауын автоматтандыру жүйелерінің жүйесіздігі себеп болуда. Ол шекарада қиындықтар туғызады, - дейді философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері Қуаныш Сайлау.

Алайда бірқатар шешім іске асып үлгірген. 2024 жылы Қытай-Қазақстан-Өзбекстан бағыты бойынша Оңтүстік транзиттік дәліз іске қосылып, контейнерлік тасымалдарды автоматтандырылған түрде басқаруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан арасында «Тоқтаусыз транзит» пилоттық жобасы іске қосылып, ол 2026 жылдың соңына дейін жүзеге асырылмақ.

Автомобильдік тасымал да жеңілдетілді. 2027 жылы жаңа теміржол желісі пайдалануға беріліп, Сарыағаш – Ташкент бағытының жүктемесі жаңа тармаққа ауыстырылып, «Сарыағаш» станциясының жұмысы жеңілдетіледі. Бұл Өзбекстанға экспорттық тасымал көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

– Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша елдер арасындағы теміржол тасымалы 15%-дан астам өсу көрсетіп, 22 млн тоннадан асты. Біз тарифтік саясатты бірлесе жетілдіру, жүк тасымалы шарттарын жақсарту, шекарадағы өткізу пункттерін модернизациялау және кеден жүйелерін цифрландыруды жалғастыруға уағдаластық. Барлық қадамдар екі елдің транспорттық байланысын нығайтуға жол ашады, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан мен Өзбекстан ортақ мүдде және мәдени дәстүр арқылы тығыз байланысқан. Ел басшылары бұл қарым-қатынасты барлық бағытта нығайтуға күш салмақ.

– Қазақстан мен Өзбекстан – бәсекелес емес, сенімді серіктестер. Біз бірге дамуға ұмтыламыз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер соңында.

Қазақстан мен Өзбекстанның экономикалық кооперациясы тек сауда мен инфрақұрылымды дамытып қана қоймай, олардың өңірдегі саяси ықпалын күшейтеді. Ортақ жобалар мен транзиттік-индустриялық байланыстар елдерді аймақтық шешімдерде белсенді ойыншыға айналдырады.