Қазақстан мен Пәкістан көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылды арттыруға ниетті

Фото: ҚР СІМ

ИСЛАМБАД.  KAZINFORM — Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин Пәкістанның Федералды сауда министрі Джам Камал Хан мен Пәкістан Экономика министрінің орынбасары Хумаир Кариммен кездесті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті. 

— Келіссөздер барысында тараптар әртүрлі салаларда, ең алдымен сауда саласында екіжақты ынтымақтастықта қалыптасқан оң динамикаға қанағаттанушылықтарын білдірді, — делінген хабарламада.

Пәкістанда 2025 жылдың басына жоспарланған Қазақстан-Пәкістан үкіметаралық комиссиясының, бірлескен жұмыс топтарының және бизнес-форумның алдағы отырыстарына дайындық мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды.

— Өңірлік өзара байланысты дамытуға, көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылды арттыруға, тікелей банктік байланыс және әуе қатынасы арналарын, оның ішінде жүк авиатасымалдарын жолға қоюға, сондай-ақ екі елдің кедендік, ветеринарлық және фитосанитариялық ведомстволарының қызметін үндестіруге ерекше назар аударылды, - деп хабарлады ведомстводан.

Кездесулердің қорытындысы бойынша Д. Хан және Х. Кәрім аталған жоспарларға толық қолдау білдіріп, Қазақстан-Пәкістан күн тәртібінің барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты нығайтуға және әртараптандыруға жан-жақты жәрдем көрсету ниетін білдірді.

Бұған дейін хабарланғандай, Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дипломатиялық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды.