Сыртқы істер министрлігінің қайталанатын функциялары алынып тасталады – заң

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дипломатиялық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. 

Сыртқы істер министрлігінің қайталанатын функциялары алынып тасталады – заң жобасы
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Заң жобасының негізгі ережелері артық егжей-тегжейлі нормаларды алып тастауға, құқықтық олқылықтарды жоюға, сондай-ақ заңнамалық актілерде тиісті саланың негіз қалаушы мақсаттарын, міндеттері мен қағидаттарын белгілеуге бағытталған. Мәселен, заңда ҚР Сыртқы істер министрлігінің қайталанатын функциялары алынып тасталады, өйткені олар заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерде қамтылған.

«Бұл құжатта «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы», «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» және «Дамуға ресми көмек туралы» заңдарда нақтыланған, артық регламенттелген, қайталанатын нормаларды алып тастауға бағытталған түзетулер енгізу көзделеді. Бұлар қазіргі кезде Сыртқы істер министрлігі туралы ережеде және басқа да заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерде қарастырылған. Мәселен, «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Заңынан Министрліктің 11 функциясы, 4 артық нақтыланған норма алынып тасталады, «Дамуға ресми көмек туралы» Заңынан Министрліктің 6 функциясы алынды, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңына құқықтық олқылықты жою мақсатында редакциялық түзету енгізу көзделеді, - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев.

Оның айтуынша, «Құқықтық актілер туралы» Заңының талаптарын ескере отырып, заң жобасында тиісті саланы реттеудің мақсаттарын, міндеттері мен қағидаттарын белгілеу ескерілді.

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мәліметіне қарағанда, заң жобасын қарастыру кезінде депутаттар бірқатар түзету енгізді. Мәселен, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі дипломатиялық қызмет органдарына бекітілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару тәртібін бекіту жөніндегі құзыретті Үкіметке беру ұсынылып отыр.

Сонымен қатар ҚР СІМ қызметінің ерекшелігін ескере отырып, дипломатиялық қызмет ардагерлеріне бұрын халықаралық ұйымдарда қызмет атқарған адамдарды теңестіру ұсынылады. Өйткені, ҚР СІМ қызметкерлері еліміздің орталық аппараты мен шет елдердегі мекемелерінде жұмыс істеуден басқа, халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберіледі, онда да Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді және оның мүдделерін қорғайды. 

Бұдан басқа, депутаттар халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін және еңбек қызметін аяқтаған дипломатиялық қызмет персоналының еңбек әрі әлеуметтік құқықтарын қорғауға бағытталған нормаларды әзірледі.

Сондай-ақ депутаттар дипломатиялық қызметшілердің шет тілдерін білгені үшін төлемдерді өзгертуді ұсынды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, дипломатиялық қызметке кіру кезінде шет тілдерді білу міндетті, сондықтан төлемдер сирек тілдерді білгені үшін ғана жүзеге асырылады. Бұл өзгеріс те республикалық бюджет қаражатын үнемдеуге бағытталған.

Соңғы жаңалықтар