Қазақстан мен Палестина ынтымақтастықты нығайтуға келісті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Палестина мемлекетінің Сыртқы істер және экспатрианттар министрі Рияд әл-Мәлкидің Қазақстан Республикасына сапары аясында екі құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Атап айтқанда, ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Палестина Сыртқы істер және экспатрианттар министрлігі арасындағы Саяси консультациялар жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум бекітілді. Бұл құжатқа ҚР СІМ басшысы Қайрат Әбдірахманов және Палестина министрі Рияд әл-Мәлки қол қойды.

Сонымен қатар Палестинаның Сауда, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы палаталарының федерациясы мен «Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы» ЖШС арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға да қол қойылды.

«Бүгін біз әріптесімнің Палестина мемлекетінің Сыртқы істер және экспатрианттар министрі Рияд әл-Мәлкидің елордамыз - Астанаға алғашқы ресми сапарының куәсі болып отырмыз. Аталған сапар екі ел арасында халықаралық және аймақтық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуға, екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын айқындауға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, қазір ғана біздің сыртқы істер министрліктеріміз арасындағы екіжақты меморандумдарға қол қойдық.Осы ретте, аталған ресми сапар Қазақстан мен Палестина саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы қатынастарды одан әрі нығайтуға септігін тигізеді деп үміттенемін. Олардың ішінен ауыл шаруашылығы, медицина, білім салаларын атап өтуге болады», - деді Қайрат Әбдірахманов.