Бұл туралы бүгін апталық брифинг барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
«Сапар барысында Паулу Порташ өзінің әріптесі Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановпен және ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовпен, сондай-ақ еліміздің басқа да мүдделі министрліктерінің басшыларымен кездесіп, Қазақстан мен Португалия арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың негізгі бағыттарын жан-жақты талқылайды», - деді ол.
Ресми өкілдің айтуынша, сонымен қатар Португалия Сыртқы істер министрі екі мемлекеттің іскер топтары өкілдерімен бизнес-форум өткізуді жоспарлауда.
Айта кетейік, 2011 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 1,15 млрд. АҚШ долларын құрап, 2010 жылмен салыстырғанда 55 пайыз өсім көрсетті.