- Өзара тауар айналымының көрсеткіштеріне тоқталсақ, оның сомасы жақын арада 30 млрд доллардан асатынына сенімдімін. Бұл тұрғыда Ресей Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвестор екені өте маңызды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Ресей экономикасына салған Қазақстан инвестициясы 9 млрд доллардан асты.
- Бұл – өте жақсы көрсеткіш, екі ел президенттерінің әкімшіліктері мен үкіметтерінің бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі. Осы қарқынды ары қарай жалғастыруға уағдаластық. Бүгінде инвестицияның жалпы көлемі 53 миллиард доллар болатын 177 бірлескен жобаның пулы жасақталды, оның ішінде 122-сі іске асырылды, яғни, операциялық кезеңге өтті, - деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинді Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алу рәсімі өтті.