Қазақстан мен Ресей арасында «Байқоңыр» кешені бойынша жаңа келісімшарт әзірленуде

АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстанның Ұлттық ғарыш агенттігі Ресеймен «Байқоңыр» кешені бойынша жан-жақты қамтылған жаңа келісімшарт әзірлеуге кірісті.

Агенттік басшысының айтуына қарағанда, Байқоңырды жалға алу туралы келісім 1994 жылы қабылданып, өзінің атқарар міндетін толық сарпыды. Сондықтан да, Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Ресейлік әріптесі Путинмен келіссөздерден соң Ұлттық ғарыш агенттігінің алдына «Байқоңыр» кешені бойынша жан-жақты қамтылған жаңа келісімшарт әзірлеуді жүктеген. Бұл келісімде «жалға беру қатынастарынан кету мәселесі де көзделуі» мүмкін. «Бұл жерде біз бірден жалға беруді тоқтатамыз деп айта алмаймыз, тіпті, бұны бірден олай істеуге де болмайды, салдары көп. Дегенмен, кезең-кезеңімен, сатылап жүзеге асыруға болады», - деді агенттік басшысы.

Оның айтуына қарағанда, аталған үдерісте бірінші кезекте, ең алдымен, Байқоңыр қаласы мен «Зенит» кешеніндегі ұшыру алаңын Ресейдің жалға алуынан шығаруға болады.

«Зенит» алаңы - бұл «Байқоңырдың» оң қапталы. Егер біз ғарыш айлағының оң қанатын жалға беруден шығарып, соның орнына ұшыру қызметтеріне толық құқық иеленген қатысушы ретінде өзіміз кіретін болсақ - осының өзі Қазақстан үшін үлкен қадам болатын еді», - дейді Т.Мұсабаев.