Осы заң жобасы бойынша баяндаған Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабековтің айтуынша, бүгінде ғарыш саласында Қазақстан мен Ресей арасында 40-тан астам екіжақты келісімдер бар. Алайда аталмыш келісімдер Байқоңыр ғарыш айлағын жалға беру мәселесінің айналасында болған. «Ал ғарыштық жоғары технологиялармен алмасу бірлескен ғылыми-зерттеулер жүргізу, бірлескен жобаларды іске асыру жағынан келгенде мұндай толыққанды келісім болған жоқ. Бүгінгі талқылауға ұсынылып отырған келісім ғарыштық технологиялар алмасу тәртібін белгілейді. Сонымен қатар ол қорғалатын бұйымдар мен технологияларға қатысты, құпия ақпараттарды пайдаланудағы зияткерлік меншікке қатысты, сондай-ақ эскпорттық бақылау мен кедендік реттеуге қатысты мәселелерді реттеу тәртібін белгілейді», - деді Агенттік төрағасының орынбасары.
Оның сөзінше, келісімді ратификациялау Кеден Одағына жатпайтын елдерде кедендік тауарларға жеңілдік жасауға мүмкіндік береді. Келісім күшіне енетін болса, Ресеймен бірлескен ірі жобаларды іске асыруға жағдай туады. Отырыс барысында құжатты жан-жақты талқылаған депутаттар оны Сенаттың жалпы отырысында қарайтын болып шешті.