Қазақстан мен Ресей басшылары екі елдің 2011-2012 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру болашағын талқылады

КЕУ. 17 наурыз. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Бүгін Мәскеу сыртындағы «Горки» резиденциясында өткен кездесу барысында Мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Дмитрий Медведев Қазақстан мен Ресейдің 2011 - 2012 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыру болашағы туралы пікір алмасты.

ҚР Президентінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, екі ел көшбасшыларының кездесуі барысында Қазақстан мен Ресейдің 2011-2012 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыру болашағы, соның ішінде стратегиялық жағынан маңызды бірлескен жобалар - «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомобиль дәлізінің құрылысы, «Байқоңыр» ғарыш айлағын бірлесіп пайдалану, «Бәйтерек» қазақстандық-ресейлік ғарыш зымыраны кешенінің құрылысы, «КАЗСАТ-2» спутнигін құру және ұшыру, «ГЛОНАСС» жаһандық навигациялық спутниктік жүйесін бірлесіп пайдалану, нанотехнология және басқа салалардағы жобаларды дамыту үшін құрылған екіжақты еншілес қорлар қызметі туралы әңгіме қозғалды.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Дмитрий Медведев Қазақстан-Ресей стратегиялық серіктестігінің жүйелі негізде дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. 2010 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 27,8 пайызға өсіп, 15,8 миллиард долларды құрады. Бұл екі ел экономикасының дағдарысқа дейінгі даму деңгейіне шығуына және өзара тиімді ынтымақтастығының қарқынды өсуіне дәлел.

Дмитрий Медведев Қазақстан Ресейдің негізгі сауда-экономикалық серіктесі, тату көрші және маңызды стратегиялық одақтасы болып саналатынын атап өтті.

Сондай-ақ Мемлекет басшылары Қазақстан, Ресей мен Беларусь Кеден одағының қалыптасу мәселесі мен даму перспективасын, іске қосылуы 2012 жылға жоспарланған, үш елдің Бірыңғай экономикалық кеңістігінің шарттық базасын қалыптастыру барысын талқылады.

Қазақстан мен Ресей арасындағы ықпалдастық бірлестіктердің дамуы екі елдің дағдарыстан кейінгі кезеңге шығуын қамтамасыз ететіндігі аталып өтілді.