Қазақстан мен Ресей «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешені бағытындағы жұмысты жалғастырады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Айта кетерлігі, Қазақстан мен Ресей арасында «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісім осыдан жыл бұрын жасалған болатын. Жаңа экологиялық қауіпсіз кешенді құру «Байқоңыр» айлағындағы Протон кешенін алмастыратын болып көзделген. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін екі мемлекеттің арасында бірлескен «Бәйтерек» кәсіпорыны құрылып, оған 223 млн. доллар көлемінде бюджеттік кредит бөлінген. Ол бесжылдық жеңілдік кезеңді қоса алғанда 19 жылға берілген еді.

«Келісім бойынша Ресей ұшу-сынау алаңынан сынақтар тек 2014 жылы ғана жасалды. Осыған орай, жобаны жүзеге асыру созылып кетті. «Бәйтерек» кешені құрылған жоқ, ал бюджеттік кредитті қайтару мерзімі де келіп қалды. Сондықтан да, бүгінгі келісім қарызды қайтаруға жеңілдік кезеңді 2019 жылға дейін ұзартуды қарастырады. Ал бұл «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнының жобамен жұмысты жалғастыруына септігін тигізіп, кадрлар мен әлеуетті сақтауға мүмкіндік береді», - деді Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев.

Оның айтуынша, бүгінгі күні «Бәйтерек» жобасын жалғастыру шарттары Ресей тарапымен келісіліп жатыр. «Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру маңызды. Сондықтан да келісім «Байқоңыр» ғарыш айлағын сақтап қалу және оны ары қарай дамыту бойынша да маңызға ие», - деді Т. Мұсабаев.