Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы барлық салада сенімді түрде дамып келеді — Қасым-Жомарт Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығында ешқандай проблема жоқ. Бұл туралы елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинмен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Фото: Ақорда

— Жаңа ғана шағын құрамдағы келіссөздер өтіп, өзара ынтымақтастықтың күн тәртібінде проблема жоқ екені нақтыланды. Бұл өз кезегінде, жұмыс форматындағы бірлескен іс-қимылдың нәтижесі. Қол қойылатын немесе бекітілуі тиіс негізгі келісімдердің тиісті деңгейде дайындалғанын растаймыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Мемлекет басшысы Ресей Президентінің Қазақстанға сапарын екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың ерекше сипатын білдіретінін, Қазақстан үшін Ресеймен достық әрі тығыз қарым-қатынастың маңызы зор екенін атап өтті.

— Осы ынтымақтастықтың маңызын сіздер де және біз де жақсы түсінеміз. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты ынтымақтастық барлық салада сенімді түрде дамып келеді әрі оны мемлекетаралық байланыстардың нағыз үлгісі деп атауға болады. Біз шағын құрамда нәтижелі келіссөз жүргізіп, сан қырлы серіктестігімізді нығайтуға ниетті екенімізді растадық. Елдеріміздің арасында ешқандай шешілмеген мәселе жоқ, — деді Қазақстан Президенті.

Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинді Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алу рәсімі өтті.