Қазақстан мен Ресей құқық қорғау органдарының басшылары өзара құқықтық көмек беруге уағдаласты

ТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев пен Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жұмыс сапарымен Мәскеуде болды.

Бұл ақпаратты ҚР Бас прокуратуарсының баспасөз қызметі таратып отыр.

Ведомствоның атап өтуінше, онда олар ресейлік әріптестері - Бас прокурор Юрий Чайкамен және Ішкі істер министрі Рашид Нұрғалиевпен, сондай-ақ Жоғарғы сот төрағасы Вячеслав Лебедевпен кездесулер өткізді.

Кездесулер барысында халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға, трансұлттық қылмысқа бірлесіп тосқауыл қою жолдарын іздеуге және күш-жігерді үйлестіруге, азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы өзара мүдделілікке негізделген қазақстандық және ресейлік құқық қорғау органдарының одан әрі ынтымақтастығының өзекті ведомствоаралық мәселелері жөнінде мазмұнды әңгімелесу мен пікір алмасу болды.

Ұйымдасқан қылмысқа, лаңкестік пен экстремизмге қарсы күресті ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде қарастыра отырып, екі елдің құқық қорғау органдарының жетекшілері туындайтын мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік беретін ынтымақтастықтың әртүрлі формаларын дамытуды ұсынды.

Атап айтқанда, ұжымдық күш-жігерді қылмыстық жолмен табылған қаржыны жылыстату мәселесін шешуге, өзара құқықтық көмек көрсету мәселелерінде тығыз қарым-қатынас жасауға жұмылдыру, сондай-ақ қазіргі уақытта ықпалды халықаралық-құқықтық институттарға айналып келе жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясында осы жұмыстардың белсенділігін арттыру ұсынылды.

Тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бірлесіп күш салуға дайындықтарын тағы бір мәрте қуаттап, осы кездесудің құқықтық мәселелердің кең ауқымы бойынша кәсіби байланыстардың тиімділігін арттыруға септігін тигізетініне сенім білдірді.