Қазақстан мен Ресей мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдау келісіміне өзгеріс енгізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәскеуде «Ресей энергетикалық апталығы - 2018» Халықаралық форумы өтті, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Аталмыш жиын аясында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен Ресей Федерациясының Энергетика министрі Александр Новак 2010 жылдың 9-ыншы желтоқсанындағы Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Үкіметтері арасындағы Қазақстанға мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісіміне өзгерістер енгізу туралы үкіметаралық Хаттамаға қол қойды.

Енгізіліп жатқан өзгерістер Ресейден Қазақстанға мұнай өнімдерін кіргізу және Қазақстан аймағынан Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аймағынан тыс шығару мәселелерін реттеуді ведомствоаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.

Осылайша, Қазақстан жанар-жағармайдың ішкі нарығындағы балансына байланысты мұнай өнімдерінің кейбір түрлерінің экспортын және импортын ашып немесе жабу бойынша шешімдерді жылдам қабылдай алады.

Қазіргі таңда Қазақстанда ашық түсті мұнай өнімдерін тасымалдауға тиым салынған. Қол қойылған Хаттама Қазақстандағы жаңғыртылған мұнай өңдеу зауыттарында шығарылған ашық түсті мұнай өнімдерін экспорттауға мүмкіндік береді.