Қазақстан мен Ресей парламентаралық ынтымақтастық комиссиясының отырысында шекара маңындағы көші-қон үдерістері талқыланады

АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан мен Ресей парламентаралық ынтымақтастық комиссиясының отырысында шекара маңындағы көші-қон үдерістері талқыланады.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі мен РФ Федералдық Жиналысы Мемлекеттік думасы арасындағы ынтымақтастық туралы Палатааралық парламенттік комиссияның сегізінші отырысының күн тәртібін талқылау барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан мен Ресей Президенттері көші-қон үдерістері туралы келісімге қол қойғаны белгілі. Бұл келісімде Қазақстан азаматтарының Ресейде, ал Ресей азаматтарының Қазақстанда болуына қатысты жеңілдетілген тәртіптерді енгізу шаралары қарастырылған болатын. Дегенмен, аталған келісімде қамтылған шаралар әлі де толық жүзеге аспай отыр. Біз осы мәселені бірінші кезекте қарастырғанды жөн көреміз», деді Палатааралық парламенттік ынтымақтастық комиссиясының мүшесі Владимир Нехорошев.

Ресей тарапы аталған мәселе шеңберінде шекара маңындағы аумақтарда азаматтардың өту тәртіптерін жеңілдету шараларын да талқылауды ұсынуда. «Бұл мәселе шекара маңындағы елді мекендермен қатар бірқатар өңірлер үшін өзекті болып табылады. Осы өңірлердегі шекарадан өту тәртібін жеңілдету белсенді сауда-саттықты дамыта түсуге де септігін тигізеді», деді комиссияның тең төрағасы Дума депутаты Олег Савченко.

Осыған орай, комиссия мүшелері аталған бастаманы қолдап, бұны талқылауды отырыстың күн тәртібіне енгізді. Сонымен бірге, екі мемлекеттің визалық тәртіпті жеңілдетуге байланысты мәселені талқылауға Сыртқы істер министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері шақырылатын болады.